Түркі интеграциясының XXI ғасырдағы моделін қалыптастыруымыз керек – Қанат Шарлапаев

АСТАНА. KAZINFORM – Тарихи байланысты осы заманға лайықтау маңызды. Бұл жөнінде Түркі мемлекеттерінің сауда-өндірістік палаталары одағының төрағасы, «Атамекен» ҚР ҰКП президиум төрағасы – басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев мәлімдеді.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ол «Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің экономикалық интеграциясы және ынтымақтастығы: өндіріс, агроөнеркәсіптік кешен, логистика және цифровизация салаларындағы жаңа мүмкіндіктер» бизнес форумында аталған тақырыпқа тоқталды.

– Өткен дәуірлерде біздің аймақтың экономикалық маңызы зор болды. Бұл кездейсоқтық не әшейін сәттілік емес еді. Керісінше, сауатты жүргізілген тұрақты саясаттың, дамыған нарықтың, белсенді түрде технология алмасудың нәтижесінде сондай жағдай қалыптасты. Одан бөлек, сол кездегі келіссөз жүргізудің жоғары мәдениеті де әсер етті, – деді Қанат Шарлапаев.

Дегенмен қазір өткен шақ жөнінде сөз қозғап қана отыруға болмайды.

– Осы тарихи байланысты өз заманымызға лайықтап, нақты цифрлық алгоритмдер мен инвестициялық механизмдерге айналдыруға тиіспіз. Біздің міндетіміз – кешегі күнге тоқмейілсімей, түркі интеграциясының XXI ғасырдағы өміршең әрі бәсекеге қабілетті моделін қалыптастыру, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Түркі инвестициялық қорының маңызы артып келе жатқанын жазғанбыз.