Түрік компаниялары Қазақстанда 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашады

АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанға екі ел бірлесе іске асырып жатқан бірқатар инвестициялық жоба туралы мәлімет берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

Атап айтқанда:

Абай облысында Miryıldız компаниясы кен байыту комбинатын салуға ниетті;

İskefe Holding Алматы қаласында желатин шығаруды жоспарлап отыр;

Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи өндірісті қолға алды;

S Sistem Lojistik компаниясы «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Ақтөбе халықаралық әуежайы аумағында логистика орталығын салып жатыр;

Tiryaki Holding Астанада бидай мен асбұршақты терең өңдейтін зауыт құрылысына кірісті.

Аталған жобалар аясында елімізге 920 миллион доллардан астам инвестиция тартылып, 3100-ден аса жұмыс орны ашылмақ.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мемлекеттер басшыларына бүгінде түрік компанияларының қатысуымен ел экономикасының түрлі секторында 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын баяндады. Олардың жалпы сомасы – 4 миллиард доллар шамасында.

Қазіргі кезде құны 4 миллиард долларды құрайтын тағы 50 бірлескен жобаға қатысты жұмыс жалғасуда. Бұл Қазақстан мен Түркияның инвестициялық ықпалдастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. 

Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізген еді