Түркістан облысы аумағында 47 блокпост орнатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында блокбекеттер орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде 47 блокпост бар. Оның ішінде 45-і қала, аудандардағы жолдарға, екеуі республикалық маңызы бар жолдарға қойылған.

«Түркістан облысында заңсыз шеру бойынша ешқандай қылмыс не болмаса мүлікке залал келтіру анықталмады. Бірқатар аудандарда тұрғындар топтасып жиналғанымен, жедел түрде оқиға орнына барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тарқатып, тәртіпсіздіктердің алдын алдық. Сондықтан облыста қылмыстық ахуал тұрақты. Дәл қазіргі таңда наразылық шерулер жасау жайты болған жоқ. Біз шеру кезінде тұрғындар арасында тәртіпсіздік болмас үшін тәулігіне 24 сағат бойы қызмет атқарудамыз. Барша тұрғындарға арандатушылардың сөзіне, іс-әрекетіне ермеуге, заңсыздыққа бармауға шақырамын. Себебі еліміздің заңдарына байланысты әрбір заңбұзушылыққа қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - дейді Түркістан облысында комендант болып бекітілген Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков.

Айта кетерлігі, 5 қаңтардан төтенше жағдай енгізілгеннен бері облыс аумағында ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша 7 жайт тіркелді.