«Биыл ауыл шаруашылығында инновациялық технологияларды қолдана отырып, құны 89 млрд теңгені құрайтын 480 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта оның 165-і іске асты. Оның ішінде өнімділік деңгейін көтеру мақсатында бір жылда жерден бірнеше өнім алу жобасы қолға алынуда. Одан бөлек, аталған жоба аясында 4620 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Одан бөлек, Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында ауыл шаруашылығы саласындағы су тапшылығын жою үшін 4 инвестициялық жоба қолға алынды. Осы жобаларды сәтті жүзеге асыру арқылы биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрсеткішін 4 пайызға ұлғайту мақсаты тұр»,- деді Е.Садыр.
Сондай-ақ, әкім орынбасары Түркістан облысының республиканы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде Алматы облысынан кейін ІІ орында екенін тілге тиек етті.
«Ерекше бір айтып кететін сәт - бізде Нұр-Сұлтан қаласын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету туралы Үкіметтің қаулысы бар. Сол қаулының негізінде біз елорда халқы үшін жыл бойы 4 рет жәрмеңке өткіземіз, бүгін - соның біріншісі. Жәрмеңке өткізуге тағы бір себеп - тауарларға сұраныс бар және үлкен қала болғандықтан сату көлемі де жоғары», - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Екі күнге созылатын жәрмеңкеге 365 тонна өнім әкелінді.