Түркістан облысында екінші рет мас күйде көлік жүргізген тұрғын ұсталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында полиция екінші рет мас күйде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасын жасаған күдіктіні қамауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ордабасы аудандық полиция бөліміне таңғы сағат 08:30 шамасында жергілікті тұрғын өзінің басқаруындағы «Мерседес Бенц-80» маркалы автокөлігіне мас күйде отырып, «Мерседес Бенц-190» маркалы көлікті соққаны хабарланған.

Медициналық сараптама жүргізушінің мас екенін анықтады. Сондай-ақ оның бұған дейін мас күйде көлік жүргізгені үшін 5 жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы» бойынша күдікті қамауға алынып, тергеу амалы жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.