Түркістан облысында із-түзсіз жоғалған келіншек 20 күннен соң елордадан табылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері жиырма күн бойы із-түзсіз жоғалып кеткен әйелді Нұр-Сұлтан қаласынан тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 ақпанда әйелінің жоғалғандығы туралы полиция бөліміне күйеуі арызданған болатын. Тәртіп сақшылары әйелдің баруы мүмкін деген орындарды тексеріп, таныстары арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Еліміздің облыстары мен қалаларына бағыттамалар жіберді. Із-түссіз жоғалу жайты болғандықтан, тез арада аман-есен табуға еріктілер де тартылды. Тіпті, тәртіп сақшылары жоғалған әйелдің айрықша белгілерін жазып, суретімен бірге бұқаралық ақпарат құралдарына жолдады. Сонымен қатар, Түркістан облысы Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі Facebook пен Instagram парақшаларында да жарияланды.

«Із-түзсіз кеткен әйел Нұр-Сұлтан қаласынан табылды. Полицейлер келіншекпен байланысқа шығып, күйеуінің жоғалу жайты бойынша арызданғанын жеткізді. Оған заң аясында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Табылған әйел ешкімге қояр арыз-шағымы жоқ екенін, Нұр-Сұлтанда аман-есен өз еркімен тұрып жатқанын жеткізген» - делінген Түркістан облысының полиция департаменті таратқан хабарламада.

Белгілі болғандай6 әйел күйеуімен арасында болған отбасылық келіспеушіліктің салдарынан жақындарына айтпай кетіп қалған.

Айта кетейік, бүгін таңертең, Түркістан облысында 42 жастағы әйел жиырма күннен бері табылмай жатқаны туралы хабарланған болатын.