Полиция қызметкерлері өткізген «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 2 қылмыстық топ қолға түсті. Сондай-ақ, ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» және ҚР ҚК-нің 262-бабы «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша бір жарым жыл іздеуде жүрген күдікті ұсталды. «Ол мал ұрлап, сатып келген. Күдікті 2019 жылы Түркістан және Кентау қалаларының аумағында мал ұрлығымен айналысып жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болған. Бұл қылмыстық топ, жалпы құны 70 млн теңге 150-ден астам жылқы мен сиырды ұрлаған. 19 мал ұрлығына қатысы болған. Осыған дейін аталған топтың 5 мүшесі ұсталды. Ал алтыншы күдіктіге, яғни малды сатумен айналысқан ер адамға қатысты іздеу жарияланған», - дейді полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Жедел уәкілдер іздеудегі күдіктінің жүрген жерін анықтады. Қызылорда облысының Байқоңыр қаласындағы жалдамалы пәтерде жасырынып жүрген жерінен тауып, Кентау қалалық ПБ-ға жеткізді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.