Айта кетейік, ағымдағы жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мас халде көлік жүргізген жүргізушілерге байланысты талаптарды қатаңдатқан болатын. Бүгінде тәртіп сақшылары жолдағы құқықбұзушыларға қарсы рейдтік шараларды атқаруда. Өңірдің полицейлері қаңтар айында ішімдік ішіп рульге отырған - 31, ал ақпанда 9 адамды ұстаған. Заңбұзушылардың барлығына ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша хаттамалар толтырылған.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің тәртіп сақшыларына жолда жүру ережелерін бұзушыларды анықтап қана қоймай, түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды белсенді жүргізу міндеті қойылған. Себебі, жол-көлік оқиғалары көбіне рульге мас күйінде отыру салдарынан орын алады. Сондай-ақ жиі жол апатын тудыратын жайттар қатарына жылдамдықты асыру, маневр жасау ережесін бұзу, көше қиылыстарынан дұрыс өтпеу, қарсы бағытқа шығу болып отыр. Бұдан өзге жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың да жолда жүру ережесін бұзуы да жол-көлік оқиғасына әкеп соғуда.