Түркістан облысында полицейлер «Жолда қабылдау» акциясын өткізді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында полицейлер «Жолда қабылдау» акциясын өткізді. Аталған шара коронавирус індетіне байланысты сыртта, ашық аспан астында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Акция барысында облыс тұрғындары, оның ішінде желі қолданушылары тәртіп сақшыларына өздерінің көкейдегі сауалдарын қойды. Қажетті құқықтық кеңестер алды. Осылайша аталған шараға 2 күн ішінде облыс бойынша 400-ден астам азамат арнайы келіп, өз мәселелерін жеткізе алды. Ал, полицейлер оларға нақты жауаптарып беріп, тез арада шешілуіне ықпал етті. Сондай-ақ түрлі мәселесін айтып келген тұрғындардың арыз-шағымдарын қабылдады. Полиция департаментінің «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілері арқылы тікелей эфирлер жүргізіліп, онлайн-режимде жауаптар берілді. Өз кезегінде желі қолданушылары акцияға қатысты пікірлерін ашық айтып, кері байланыс орнады. Мәселен, акцияның алғашқы күні әлеуметтік желі қолданушыларынан 100-ге тарта сұрақтар түсті. Одан бөлек 10 тұрғын акцияға арнайы келіп, арыздарын қалдырды. Аталмыш акцияның ұтымды тұсы осылай көмекке жүгінгендердің мәселелері жедел түрде шешілуінде болды. Кезексіз кез келген тұрғынды қабылдаған облыстың тәртіп сақшылары азаматтардың мәселелерін тез арада қарап шықты. Тікелей қабылдау жүргізген Түркістан облысы Полиция департаменті ӘПБ бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков мұндай акцияны ұйымдастырудың халық үшін пайдасы зор екенін, халықпен қарым-қатынасты күшейтетіндігін атап өтті. Ең бастысы тұрғындарға қолайлы екенін жеткізді.