Түркістан облысында жаңа жыл түні кезекшілік қызмет атқарған полицейлерге сыйлық таратылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында жаңа жыл түні кезекшілік қызмет атқарған полицейлерге сыйлық таратылды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа жыл түні Түркістанда тәртіп сақшылары күшейтілген тәртіппен қызмет етті. Сондықтан, тұрғындардың тыныштығын күзетіп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтаушы олар мерекені отбасымен емес, қызмет бабында қарсы алды.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков, түнгі ауысымға түскен жедел басқару орталығындағы тәртіп сақшыларын жаңа жылмен құттықтады.

«Отбасылық мереке күні, халық алдында берген анттарыңызға адал болып, мінсіз қызмет атқарып жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін», -деген Қайрат Дәлбеков себет толы жеміс-жидек пен тәттілерді үлестірді, қызметке қажетті канцелярлық тауарларды тарту етті.

Айта кетейік, жаңа жыл түні Түркістан облысындағы барлық қала, аудандық полиция басқармалары мен бөлімдерінде жалпы 150-ге тарта қызметкер кезекшілікке түсті.