Түркістан облысының бас полицейі халықты қылмыспен бірлесіп күресуге шақырды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков халық алдында есеп берді. Кездесуде 8 айда атқарылған жұмыстар қорытындыланып, тұрғындардың сауалдарына жауап берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есеп беру жиынында департамент бастығы өңірде аса ауыр қылмыстар 32,9 пайызға, жеңіл және ауырлығы орташа қылмыстар 26,7 пайызға кемігенін айтты. Сондай-ақ, қарақшылық қылмысы 40 пайызға, ұрлық 31,6 пайызға төмендегенін жеткізді. Оған қоса, жол қозғалысы да үнемі бақылауда екендігін, бұл бағытта «Автобус», «Құқықтық тәртіп», «Жол қауіпсіздігі», «Абайлаңыз балалар!», «Назар аударыңыз, балалар!» секілді жедел профилактикалық іс-шаралар қарқынды іске асырылуда деп атап өтті. Нәтижесінде, облыста жол-көлік оқиғалары 16,5 пайызға төмендегенмен, жол апаты салдарынан қаза болғандар саны 20 пайызға артқан.

«Облысымызда мал ұрлығы бойынша 19 қылмыстық топ құрықталды. 700-ге жуық мал қылмыскерлерден айғақты зат ретінде алынып, заңды иелеріне қайтарылды», - деді Қайрат Дәлбеков.

Жиынға қатысқан тұрғындар тәртіп сақшыларының жұмысының қиындығын айтып, қызметкерлер санын көбейтуді сұрады. Оранғай ауылынан келген ақсақал елдімекендер арасындағы үлкен жолда көліктер өте қатты жылдамдықпен жүретінін, осы жерлерге жол белгілері мен тәртіп сақшыларын көптеп қоюды сұрады. Ал, Мақтарал ауданынан келген қария жол-қозғалысы ережесін бұзған жандарға жазаны қатаңдату керек деген пікірін білдірді. Өз кезегінде полиция генерал-майоры осындай көптеген мәселелерге тұшымды жауаптар берді. Тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, алдағы уақытта ескеретінін жеткізді.

«Менің басты бағытымның бірі – халыққа қорған болатын қызметкерлерді тәрбиелеу. Сондықтан да ашық болуға ұмтылған полиция қызметкерлерімен бірге облысымыздың қауіпсіздігі үшін күш біріктіруге, бір-бірімізді мүмкіндігінше қолдауға шақырамын. Әркім өз мал-мүлкіне мүмкіндігінше сақ болып, қараусыз қалдырмаса, ұрлық орын алған жағдайда уақытылы полицейлерді хабардар етсе деген ұсынысым бар. Кез-келген азамат үшін есігімнің ашық екенін, тіпті әлеуметтік желіде де тұрғындармен «Кері байланыс, ашықтық» орнату үшін жеке парақша аштым. Жағдайдың барлығын өз бақылауымда ұстауға тырысамын», - деді Қайрат Дәлбеков.