Түркістан, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында өзендегі су көтеріледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен аптада «Қазгидромет» РМК жерді қашықтықтан зондтау және NASA спутниктерінің өңделген суреттері бойынша Қазақстан аумағының қар алаңы 15%-ға қысқарғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сондай-ақ, өткен аптада Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзен бассейндерінде топырақтың қату тереңдігі 12-60 см-ге азайған. Қарағанды облысының өзен бассейндерінде топырақ толығымен еріген.

      «Алдағы аптада Қазақстан аумағының басым бөлігіне атлантикалық және оңтүстік циклондар әсер етеді. Осыған байланысты жауын-шашын, көбіне жаңбыр жауады. Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда арты қарға ұласатын қатты жаңбыр жауады. Осыған байланысты тау бөктеріндегі аудандарда еріген қар суының қалыптасуы және Түркістан, Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы өзендерінде су деңгейі көтеріледі» делінген хабарламада

        Ақтөбе облысының солтүстік бөлігінде өзендердің мұздан тазартуы және су деңгейінің көтерілуі күтіледі.

        Сондай-ақ, өзендерде қар жамылғысының еруіне байланысты су деңгейінің артуы Шығыс Қазақстан облысында да болжанып отыр.