Кейуана ұлты қазақ болғанымен, Өзбекстан Республикасының азаматтығын алған. 2011 жылы Қазақстандағы ұлының үйіне келіп, тұрғылықты тұру үшін іс-
құжаттарын өткізіп, ҚР-ның ыхтияр хатымен құжаттандырылған. Бұл құжаттың
аяқталу мерзімі жақындап қалған соң әрі перзенттері Қазақстанда тұратындықтан ҚР
азаматтығына өткісі келген. Содан тәртіп сақшылары бірден әрекет етіп, ақ жаулықты ананы ХҚКО-на жедел жеткізіп, қажетті фото-бейнеге түсіреді. Іс- құжаттарын тез арада жинақтайды. Осылайша Түркістан қаласының тұрғыны Аманкүл Марасуловаға азаматтық алуға көмек берілді.
Дайын құжатты табыстау үшін Түркістандық полицейлер ғасырға жуық өмір сүрген ананың қара шаңырағына арнайы барды. Қарт кісіні келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сый-сыяпаттарын жасады.
Өз кезегінде кейуананың куанышында шек болмады. Ол полиция қызметкерлеріне
аналық алғысын жаудырды. «Біздер кезінде қаншама қиыншылықтарды көргенбіз. Ендігі уақытта біз көрген соғысты, ашаршылықты көрмеңдер. Дендеріңе саулық тілеймін. Еліміз аман болсын, көбейіп, өсіп-өне беріңдер»,-деп шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Ал, әжейдің ұлы Абдурахим Марасулов болса, анасы кезінде шаруақор адам болғанын жеткізді. «Әкемізден жастай айырылдық. Сонда да анамыз бізді ешкімнен
кем қылмай өсірді. Оқытты. Өмірге 3 ұл 1 қызды әкелді. Олардан 5 немере, 13 шөбере сүйіп
отырған жайы бар. Отбасымызда барлығымыз Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанбыз. Енді міне анамызда біздің қатарымызға қосылды. Қуаныштымыз!»-деп атап өтті ол.
Жалпы, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментінде құжаттанбаған немесе КСРО құжатымен қалып қойғандарға, егде жастағы жүріп-тұруы қиын қарияларға құжат рәсімдеу мақсатында көші-қон қызметкерлерінен арнайы мобильдік топтар құрылған.