Түркістанда уланып көз жұмған отбасының суретін таратушыларға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Келес ауданындағы Бесқұбыр ауылында бір отбасы табиғи газбен жанатын пештің ақауы салдарынан уланып көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеше кешке сағат 16:30- шамасында Қошқар ата ауылындағы жеке үйлердің бірінен 1986 жылғы ер адам мен оның 1993 жылғы келіншегі, екі баласының мәйіті табылды.

«Оқиға орында болған Келес аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің алғашқы тексеру барысында пеш мұржасы күйген кірпіш және қам кірпішпен араласып, лай сылағымен қаланғаны анықталды. Мұржаның кірпіштері (негізі) шатырдан аққан судың нәтижесінде ылғалданып, тұрақтылығын жоғалтып, ішіне қарай құлап, түтін шығатын жолды бітеп қалған», - делінген ТЖБ хабарламасында.

Қазір арнайы сараптамалар тағайындалған.

Айта кетерлігі, Келес аудандық полиция бөлімі қайтыс болған отбасының фото-видеосын әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жарияламау керектігін ескертеді. Оған ҚР Қылмыстық Кодексiнің 147- бабының 5 - тармағына сәйкес жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Полиция осындай суретті жариялағандарға оны өшіру және ары қарай таратпауды сұрайды.

Қазір аталған оқиға бойынша полиция бөлімімен тексеру амалдарын бастады және рұқсат етілмеген сурет-видео таратушыларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Келес ауданының әкімдігі орын алған оқиғаға орай отбасының ағайын-туыстарына қайғыра отырып, көңіл айтады.  Сонымен қатар, әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылуда», - делінген ауданы әкімінің баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.