Түркияның Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрлігінің мәліметінше, конференцияға 102 мемлекеттің басшысы мен 300-ден астам министр қатысатынын растаған. Жалпы, форумға 196 ел мен Еуропалық одақтың делегациялары келеді деп күтіліп отыр.
Мемлекет және үкімет басшыларының саммиті 11–12 қарашада «Көк аймақта» (Blue Zone) өтеді. Оған Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған төрағалық етеді. Қабылдаушы тарап атынан COP31 конференциясының жұмысына Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі Мұрат Курум жетекшілік етеді.
Келіссөздердің негізгі тақырыптары таза энергетикаға көшу, азық-түлік қауіпсіздігі, климаттың өзгеруіне төзімді қалаларды дамыту, жасыл индустрияландыру және қалдықтарды азайту мәселелері болмақ. Қатысушылар мұхиттар мен теңіздерді қорғау, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйелерінің климаттық өзгерістерге төзімділігін арттыру мәселелерін де талқылайды.
Түркия конференция барысында нақты нәтижелерге қол жеткізуге басымдық бермек. Қабылдаушы тарап ұсынған «Іс жүзіндегі әрекеттерге бағытталған COP» тұжырымдамасы климат саласындағы міндеттемелерден нақты жобалар мен шешімдерге көшуді көздейді.
Конференция өткізу үшін 1,1 миллион шаршы метр аумақ дайындалған. Ол екі бөлікке бөлінген. «Көк аймақта» мемлекеттік делегациялар мен халықаралық ұйымдардың қатысуымен ресми келіссөздер өтеді. Ал «Жасыл аймақта» бизнес, ғылым, қоғамдық ұйымдар мен жастар өкілдері өз жобалары мен шешімдерін таныстырады.
Ұйымдастырушылар «Көк аймаққа» шамамен 100 мың, ал «Жасыл аймаққа» 1,5 миллионға дейін келуші келеді деп болжап отыр. Бұдан бөлек, конференцияға қатысу үшін 154 елден 45 мыңнан астам климаттық ерікті тіркелген.
Түркия COP31 аясында таныстыратын бастамалардың қатарында «Нөлдік қалдық» бағдарламасы және 6 ақпандағы жер сілкінісінен зардап шеккен 11 провинцияда климаттық өзгерістерге төзімді 455 мың үй салу жобасы бар.
Келіссөздерден бөлек, конференция бағдарламасына экологиялық, білім беру және мәдени іс-шаралар, тұрақты даму, биоалуантүрлілікті сақтау және қалдықтарды азайту тақырыптарындағы көрмелер мен таныстырылымдар енгізілген.
Жеке бөлім тұрақты гастрономияға арналады. Қонақтарға Түркияның жеті өңірінің аспаздық дәстүрлері таныстырылады.
Айта кетейік, Қазақстан Түркиядағы COP31 конференциясы аясында ынтымақтастық туралы 28-ге жуық құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ COP31 аясында Қазақстан QaJET платформасын іске қосуға дайындалып жатқанын жаздық.