Түркия ғалымдары Арктикадағы алтыншы экспедициясын бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Президенті әкімшілігінің қолдауымен, Өнеркәсіп және технология министрлігінің үйлестіруімен және TÜBİTAK Полярлық зерттеулер институтының (KARE) жетекшілігімен 6-ұлттық Арктикалық ғылыми экспедиция (TASE-VI) басталды. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.

Фото: Анадолы

Экспедиция құрамында 12 түрік ғалымы, Аргентина, Болгария және Уругвайдан келген 3 шетелдік зерттеуші, сондай-ақ климаттың өзгеруі бойынша ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атанған 3 мектеп оқушысы бар.

Ғылыми топ Ыстанбұлдан Норвегияның Осло қаласына жетіп, одан әрі Тромседен арнайы зерттеу кемесімен Арктикаға аттанды. Экспедиция барысында кеме солтүстік ендіктің 82-градусына дейін жетеді деп жоспарланып отыр.

Шамамен 25 күнге созылатын экспедиция аясында 12 ғылыми жоба жүзеге асырылады. Зерттеулер океанография, биология, химия, атмосфералық ғылымдар, метеорология, геодезия және спутниктік жүйелер бағыттарын қамтиды.

Ғалымдар Солтүстік Мұзды мұхитында су мен теңіз түбі шөгінділерінен сынамалар алып, су температурасы мен тұздылығының таралуын, сондай-ақ микропластиктің деңгейін зерттейді. Бұдан бөлек, Арктикадағы атмосфералық үдерістер мен GNSS геодезиялық бақылаулары жүргізіледі.

Түркияның Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Качырдың айтуынша, экспедицияның басты мақсаты – жаһандық климат өзгерісінің салдарын зерттеу және Түркияның полярлық ғылым саласындағы әлеуетін нығайту.

Экспедиция 24 шілдеде аяқталады деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, Қытай ғалымдары Солтүстік Мұзды мұхитқа 16-ғылыми экспедицияға аттанған болатын.