Түркия геотермалдық энергетиканы белсенді дамытып келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия геотермалдық электр станцияларының орнатылған қуаты бойынша әлемдегі үздік бес елдің қатарына енді және жылу энергиясын тікелей пайдалану жағынан екінші орынға шықты.
Соңғы жылдары ел жаңартылатын энергия көздері саласында айтарлықтай ілгеріледі. Геотермалдық ресурстарға басымдық берген Түркияда бүгінде ондаған электр станциясы жұмыс істейді. Олар бірнеше өңірді электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етіп отыр. Ең ірі жобалардың қатарында халықаралық қаржы институттарының, соның ішінде Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) қолдауымен жүзеге асқан «Қызылдере» және «Эфелер» кешендері бар.
Геотермалдық энергия тек электр өндіруге ғана емес, сонымен бірге елдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да үлес қосуда. Оның жылуы 125 мыңнан астам үйді жылытып, ірі жылыжай шаруашылықтарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Мұнда жыл бойы көкөніс пен жеміс-жидек, соның ішінде экспортқа арналған қызанақ өсіріледі.
Мұндай жетістікке мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен салалық реформалар әсер етті. Үкімет геотермалдық энергетиканы дамыту туралы арнайы заң қабылдап, «жасыл тарифтерді» енгізіп, инвесторларға ынталандыру тетіктерін ұсынды. Бұл бағыттағы жобаларды қаржыландыруға Дүниежүзілік банк те жүздеген миллион доллар бөлді.
Айта кетейік, бұған дейін Түркияда құрғақшылықты бақылау қызметі іске қосылғаны хабарланды.