Түркия қорғаныс саласын дамытуға басымдық беріп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия қару-жарақ пен әскери техника сатып алуға бөлінетін қаржыны арттырып, отандық қорғаныс өнеркәсібін дамытуға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Фото: Анадолы

Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмаз 2027 жылғы мемлекеттік бюджет жобасында қару-жарақ, оқ-дәрі және әскери техника сатып алуға жұмсалатын қаржы көлемі едәуір көбейетінін айтты.

Оның сөзінше, 2027 жылы қару-жарақ, оқ-дәрі, қару жүйелері мен өзге де қорғаныс жабдықтарын сатып алуға бөлінетін қаржы 229 пайыз артады. Қорғаныс саласына 2,206 трлн түрік лирасы (шамамен 44,5 млрд доллар), ал ішкі қауіпсіздікке 25,2 млрд доллар бөлу жоспарланған. Айта кетейік, 229 пайыздық өсім жалпы қорғаныс бюджетіне емес, қару-жарақ пен әскери техника сатып алуға арналған қаражатқа қатысты.

Вице-президенттің мәлімдеуінше, соңғы 25 жылда Түркия қорғаныс өнеркәсібінің шетелдік жеткізушілерге тәуелділігін айтарлықтай азайтқан. Оның айтуынша, халықаралық ахуалдың құбылуы отандық қару-жарақ өндірісін дамытудың маңызын арттырып отыр.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның айтуынша, 2025 жылы ел 180 ел мен аймаққа 10 млрд доллардан астам сомаға қорғаныс және аэроғарыш өнімдерін экспорттаған. Ыстанбұлда өткен «Түркияның инновациялар апталығы — 2026» іс-шарасында ол ғылыми зерттеулерді, технологиялық стартаптарды және қосылған құны жоғары өнім өндірісін дамыту маңызды екенін атап өтті.

Түркия 2030 жылға дейін жалпы құны 100 млрд долларға бағаланатын 100 мың технологиялық стартап құруды жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі — Ыстанбұлдағы Ататүрік әуежайының терминалдары негізінде «Terminal Istanbul» атты ірі технологиялар және кәсіпкерлік орталығын ашу.

Бюджет жобасында қорғаныс пен технологиялық дамудан бөлек, инвестицияларға 57,5 млрд доллар, білім беру саласына 75,6 млрд доллар, сондай-ақ жер сілкінісінің зардаптарын жою мен табиғи апаттарға төзімділікті арттыруға 17,5 млрд доллар бөлу көзделген. Құжат парламенттің қарауына жіберіліп, оның негізгі көрсеткіштері бюджет және жоспарлау комитетінде қосымша талқыланады.

Бұған дейін Түркия қорғаныс көрмесінен түскен табысты дрон орталықтарын дамытуға жұмсайтынын хабарлаған болатынбыз.