Түркия министрлігі жер сілкінісінен келген шығынды есептеді

АНКАРА. ҚазАқпарат –Түркия қаржы және қазынашылық министрлігі Кахраманмараш провинциясындағы жер сілкінісінің экономикалық залалын есептеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат trthaber.com. сайтына сілтеме жасап.

Фото: trthaber.com

Агенттіктің мәліметіне қарағанда, табиғи апаттан кейін өңірлерді қалпына келтіру және қайта құрылымдауға 2 трлн түрік лирасы (104 млрд доллар) қажет. Сарапшылардың бағалауынша, бұл сома 2023 жылы елдің табысының 9%-ын құрайды.

Бұдан бөлек, экономикадағы материалдық залал 1999 жылы Измит қаласына жақын маңда болған жер сілкінісінен болған зардаптан алты есеге көп.

Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияда магнитудасы 7,7 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Эпицентрі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында болған зілзала ошағы 7 шақырым тереңдікте болған. Жер сілкіну салдарынан Хатай, Газиантеп, Килис, Османие, Малатья, Адыяман, Шанлыурфа, Диярбекир, Адана және Кахраманмараш провинцияларында көптеген ғимараттар қирады.