Түркия Орталық банкінің резерві рекордтық 180,1 миллиард долларға жетті
АСТАНА.KAZINFORM - Түркия Орталық банкінің жалпы халықаралық резерві рекордтық деңгейге дейін өсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өсу валютаның құрамдас бөлігінің төмендеуіне қарамастан байқалды. Елдің бас қаржы реттеушісінің ресми статистикасы соңғы есепті кезеңде доллар қоры 1,85 миллиард долларға азайғанын хабарлады. Бұл ретте алтын қорлары айтарлықтай өсуді көрсетті – шамамен 3,6 млрд долларға, бұл қорлардың жалпы ұлғаюының негізгі драйвері болды.
Экономистер алтын қорының өсуін активтерді әртараптандыру саясаты мен әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық жағдайында Түркия позициясының нығаюымен байланыстырады.
Халықаралық резервтердің қазіргі деңгейі ел үшін рекордтық көрсеткіш болып саналады және инфляция мен ұлттық валюта бағамының құбылуымен жалғасып жатқан күрес жағдайында инвесторлардың түрік экономикасына сенімін нығайта алады.
Бұған дейін Түркияның Орталық банкі негізгі пайыздық мөлшерлемені 250 базистік тармаққа төмендетіп, оны 40,5%-ға жеткізу туралы шешім қабылдағанын жазған болатынбыз.