«Ұлттық ынтымақтастық пен қоғамдық бірлікті нығайту туралы» заң жобасы парламентте рекордтық көп дауыспен қабылданды.
Құжатта Күрдістан жұмысшы партиясының (КЖП) қызметін тоқтатуға және оның мүшелеріне рақымшылық жасауға қатысты құқықтық шаралар қарастырылған.
Заң жобасы парламенттің жалпы отырысында шамамен 12 сағат талқыланғаннан кейін мақұлданды.
Құжатты 468 депутат қолдады. 88 депутат қарсы дауыс берді, ал алты депутат қалыс қалды.
Заң жобасы басым көпшілік дауыспен қабылданды.
Түркия Конституциясына сәйкес, егер негізгі заңда өзгеше тәртіп белгіленбесе, шешімдер отырысқа қатысып отырған депутаттардың көпшілік дауысымен қабылданады.
Бұл ретте қолдау білдірген депутаттар саны парламенттің жалпы құрамының кемінде төрттен біріне бір депутат қосылған көрсеткіштен төмен болмауы керек.
Заң КЖП және онымен байланысты құрылымдарға қатысы бар адамдарға қатысты бірқатар тергеу әрекеттерін тоқтатуға, сот процестерін кейінге қалдыруға, айыптау шараларын және сот шешімдерін орындауды уақытша тоқтатуға құқықтық негіз қалыптастырады.
Бұл шаралар заңда белгіленген талаптар орындалған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін.
Олардың негізгі шарттары – қарулы қызметті тоқтату және қаруды тапсыру.
Заң нормалары террористік ұйымға мүше болу, оған көмек көрсету және оның үгіт-насихатын жүргізуге байланысты қылмыстарға қолданылады.
Сондай-ақ ұйым қызметі аясында жасалған қылмыстар мен терроризмді қаржыландыруға қатысты құқықтық нормалар қарастырылған.
Түркияда бұл заңның қабылдануы «Түркия – террорсыз ел» үдерісі аясындағы негізгі заңнамалық қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Аталған үдеріс КЖП қызметін тоқтатуға және осы бағытта қажетті құқықтық тетікті қалыптастыруға бағытталған.
Бұған дейін Түркияның күштік құрылымдары елдің 35 провинциясында халықаралық террористік ұйым – ИГИЛ-ге (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) қарсы ауқымды арнайы операция жүргізгені хабарланған болатын.