Түркияда ДАИШ-ке қарсы ауқымды операциялар жүргізілді: 184 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі екі аптада Түркия қауіпсіздік күштері елдің 35 провинциясында терроризмге қарсы операция жүргізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Түркияда ДАИШ-ке қарсы ауқымды операциялар жүргізілді: 184 адам ұсталды
Фото: yenisafak.com

Түркияда халықаралық террористік ұйым «Ислам мемлекетіне» (ДАИШ – Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қарсы бірқатар ауқымды операция аяқталды.

Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, операцияларды Бас полиция басқармасы, Терроризмге қарсы күрес департаменті және Ұлттық барлау ұйымы (ҰБҰ) прокуратура органдарымен және аймақтық полиция департаменттерінің терроризмге қарсы бөлімшелерімен бірлесіп үйлестірді. Операциялар екі аптаға созылды және 35 провинцияны қамтыды. Нәтижесінде ДАИШ-пен байланысы және қаржыландыруы бар деген күдікпен 184 адам ұсталды.

Тергеушілердің мәліметінше, ұсталғандар террористік ұйымның қызметіне қатысқан, терроризмге қатысты істер бойынша іздеуде болған немесе экстремистік ұйымға қаржылық қолдау көрсеткен болуы мүмкін.

Сот ұсталғандардың кейбіріне қатысты шешім қабылдады: 22 күдікті тұтқындалды, 33-і сот бақылауымен босатылды, ал қалған күдіктілерге қатысты іс жүргізу жалғасып жатыр. 

Тінту кезінде қауіпсіздік күштері сегіз тіркелмеген тапанша, бір аңшы мылтығын және ұйымның қызметіне қатысты көптеген құжат пен цифрлық материалдарды тәркіледі. 

Түркия билігі экстремистік топтарға қарсы операцияларды үнемі жүргізіп, терроризмге қарсы күрес елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі бағыты болып қала беретінін атап өтеді.

Бұған дейін Түркиядағы құқық қорғау органдары ДАИШ-ке қатысы бар деген күдікпен 31 адамды ұстаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум