Түркия тағы екі атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Түркиядағы «Аккую» атом электр станциясының алғашқы реакторында 2026 жылдың соңына дейін ядролық тізбекті реакция іске қосылмақ.

Фото: dailysabah.com

Түркияның Daily Sabah басылымының хабарлауынша, бұл туралы Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының басшысы Алексей Лихачев мәлімдеді. 

«Аккую» АЭС Жерорта теңізі жағалауындағы Мерсин провинциясында салынып жатыр. Жобаның құны 20 млрд долларға бағаланады. Станция әрқайсысының қуаты 1 200 МВт болатын төрт энергоблоктан тұрады. Барлық блок толық қуатына шыққан кезде Түркияның электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді.

«Аккуюдан» бөлек, Түркия билігі тағы екі АЭС салуды жоспарлап отыр. Олардың бірі Қара теңіз жағалауындағы Синоп қаласында, екіншісі Фракия өңірінде бой көтермек. Басылымның жазуынша, бұл жобалар бойынша Канада, Қытай, Ресей және Оңтүстік Кореямен келіссөздер жалғасып жатыр.

Түркия Ресеймен энергетика саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға ниетті. Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар Мәскеуде «Новатэк» компаниясының басшылығымен кездесіп, сұйытылған табиғи газ жеткізу бағытындағы әріптестікті дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Түркия энергетика көздерін әртараптандыруды жалғастырып, энергия жеткізілімінің қауіпсіздігін нығайтуды көздеп отыр. Министрдің айтуынша, өткен жылы елде шамамен 59 млрд текше метр табиғи газ тұтынылған, оның басым бөлігі импорт арқылы қамтамасыз етіледі. Кейінгі екі жылда Түркия бірқатар ірі халықаралық өндірушімен сұйытылған табиғи газ жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарттар жасасты.

Бұған дейін Түркия мен АҚШ шағын модульдік реакторлар бойынша келісімге қол қойғанын жазған едік.