Түркия жағалауынан әлемдегі ең көне кеме апатының іздері табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Археологтер Түркия жағалауынан қола дәуіріне жататын суға батқан кеменің қалдықтарын тапты. Шамамен 4 400–4 700 жыл бұрынғы кеме Хеопс пирамидасы салынған кезеңмен тұспа-тұс уақытта жасалған, деп хабарлайды BBC .

Фото: Hakan Öniz

Кеменің ағаш қаңқасы сақталмаған. Алайда теңіз түбінде оның ішінде тасымалданған қыш ыдыстар аман қалған. Олардың кейбірінен кезінде сақталған заттардың іздері де табылды.

Археологтердің айтуынша, бұл — Жерорта теңізі арқылы жүк тасымалдаған, ұзындығы шамамен 10 метрлік сауда кемесі.

Фото: Hakan Öniz

— Бұл қалдықтар теңіз түбіндегі уақыт капсуласы іспетті, — дейді Түркиядағы Ақдениз университетінің өкілі, Жерорта теңізі археологиясы қауымдастығының экспедициясын басқарған Хакан Өниз.

Кеме қалдықтары Түркияның Анталья провинциясындағы Кекова аралының жағалауына жақын жерден табылған. Артефактілер теңіз түбінің 30 метр тереңдіктегі еңісіне шашырап жатыр.

Зерттеушілер үш ірі тас зәкір мен амфора деп аталатын 30-дан астам қыш ыдысты анықтаған. Амфоралар ежелгі заманда сұйықтықтар мен басқа да тауарларды сақтап, тасымалдауға пайдаланылған.

Кеменің ағаш бөліктері сақталмағандықтан, оның жасын органикалық материалдардағы көміртектің белгілі бір түрінің мөлшерін өлшейтін радиокөміртектік талдау арқылы анықтау мүмкін болмаған.

Фото: Hakan Öniz

Сондықтан археологтер амфоралардың пішінін зерттеген. Қыш бұйымдарды жасау тәсілдері уақыт өте өзгеріп отырғандықтан, ыдыстардың белгілі бір пішіні нақты тарихи кезеңдерге тән болады.

Кековадан табылған амфоралардың өзіндік ерекшеліктері бар: екі тұтқасы, орта тұсындағы шығыңқы бөлігі және жалпақ түбі.

Хакан Өниздің айтуынша, мұндай құрылымдағы амфоралар Мысыр мен Таяу Шығыстан да табылған. Олардың осыдан 4 400–4 700 жыл бұрын жасалғаны анықталған.

— Өрнек салу тәсілдерін салыстыра отырып, кеменің ерте қола дәуіріне жататынын сенімді түрде айта аламыз. Бұған 100 пайыз сенімдіміз, — деді Өниз.

Фото: Hakan Öniz

Кеме табылғаннан кейін экспедицияның сүңгуірлері қыш ыдыстарды су бетіне көтерген. Қазір мамандар оларды мұқият қалпына келтіріп жатыр. Өйткені мыңдаған жыл су астында жатқан артефактілер өте нәзік күйге түскен.

Австралиядағы Маккуори университетінің археологі доктор Карин Соудa су бетіне шығарылған амфораларды зерттеген. Кейбір ыдыстар бүтін күйінде сақталған. Зерттеуші олардың ішінен әлі де жылтыр әрі қою заттың қалдықтарын тапқан.

Қазір ғалымдар амфораларда нақты қандай тауар тасымалданғанын анықтауға тырысып жатыр.

— Бұл зәйтүн майы, шарап немесе ағаш шайыры болуы мүмкін, — деп түсіндірді Сауда.

Фото: Hakan Öniz

Ежелгі сауда жолы туралы не белгілі?

Табылған кеме қалдықтары мен оның жүгі ежелгі дүниедегі сауда байланыстарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Археологтердің болжамынша, кеме Жерорта теңізінің шығыс жағалауындағы порттардың бірінен жолға шыққан. Ол жүктерін қазіргі Түркияның солтүстік-батысында орналасқан ежелгі Трояға немесе миной өркениетінің өкілдері өмір сүрген Крит аралына жеткізуі мүмкін болған.

Ол заманда теңіз арқылы сапар шегу үлкен қауіп-қатерге толы еді. Әсіресе Кекова аралының маңы қауіпті саналған. Бұл өңірдегі күшті ағыстар мен жел көптеген кеменің апатқа ұшырауына себеп болған.

Аталған аймақта суға батқан жүздеген кеме бар. Оларды іздеу және зерттеу жұмыстарымен Жерорта теңізі археологиясы қауымдастығы айналысады.

Түркияның Мәдениет министрі Мехмет Нури Эрсой табылған жәдігерлерді алдағы айларда ашылады деп жоспарланған Антальядағы Жерорта теңізінің суасты археологиясы музейіне қою көзделіп отырғанын мәлімдеді.

Әлемдегі ең көне кеме апаты

Кекова жағалауынан табылған кеме қалдықтары қазір әлемдегі жасы ең көне белгілі кеме апаттарының тізімінде бірінші орынға шықты.

Бұған дейін бұл көрсеткіш бойынша рекорд Грекияның оңтүстігіндегі Докос аралы маңында шамамен 4 200 жыл бұрын суға батқан кемеге тиесілі болған.

Айта кетейік, Чехияда Стоунхенджден мың жыл бұрын салынған көне құрылыс табылды.