Түркия жағалауында 4,5 баллдық жер сілкінісі болды

ХАТАЙ. Анадолы-ҚазАқпарат – Түркияның оңтүстік-шығыс жағалауында, Жерорта теңізінде Искендерун шығанағында магнитудасы 4,5 баллдық жер сілкінісі болды. Бұл туралы ТЖ салдарын жою басқармасынан (AFAD) мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолыға сілтеме жасап.

Фото: www.aa.com.tr

Жерасты толқуы Түркияның Хатай провинциясында сезілген.

Зілзала жергілікті уақытпен 23:49-да тіркелді. Ошағы 5,39 км тереңдікте. Эпицентрі Жерорта теңізінің Искендерун шығанағында орналасқан.

Жергілікті биліктің мәліметінше, зардап шеккендер мен қирау туралы ақпарат түспеген.

Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияда 7,7 магнитудасымен жойқын жер сілкінісі болды.

Зілзала ошағы Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында орналасқан, тереңдігі - 7 шақырым.

Салдарынан Хатай, Газиантеп, Килис, Османие, Малатья, Адыяман, Шанлыурфа, Диярбакыр, Адана және Кахраманмараш провинцияларында көптеген ғимарат қирады.

Қазіргі уақытта зілзаладан 45 968 адам қаза тапқаны белгілі болды, оның 4 267-і - Сирия азаматы.