Түркияның Сауда министрлігі әзірлеген жаңа жүйе жылжымайтын мүлікке меншік құқығын беру мен сатушыға ақшаны аудару үдерісін бір мезгілде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін жылжымайтын мүлік саудасында қолма-қол есеп айырысу тараптар арасында түрлі дауға себеп болып, ірі көлемдегі ақшаны тасымалдау кезінде қауіп төндіретін. Жаңа жүйе осындай тәуекелдерді азайтып, мәмілелердің ашықтығын арттыруды және тіркелмеген қаржылық операциялардың жолын кесуді көздейді.
Жаңа қауіпсіз төлем жүйесі қалай жұмыс істейді?
Жаңа тәртіп бойынша сатып алушы жылжымайтын мүлік үшін төлейтін ақшаны арнайы қорғалған төлем шотына аударады. Қаражат меншік құқығы ресми түрде жаңа иесіне өткенге дейін бұғаттаулы тұрады.
Одан кейін сатып алушы мен сатушы электрондық үкіметтің e-Devlet порталы арқылы өздеріне берілген мәміле нөмірін пайдаланып, өтініш береді. Осылайша жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу рәсімі басталады.
Меншік құқығының ауысуы ресми тіркеліп, уәкілетті органнан растау алынған соң, бұғаттаулы тұрған ақша сатушының шотына аударылады.
Егер қандай да бір себеппен мәміле жүзеге аспаса немесе оны аяқтау мүмкін болмаса, қаражат қорғалған төлем шотында сақталып, тиісті тарапқа қайтарылады.
Жаңа жүйе жылжымайтын мүлікті жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар арасында сату кезінде қолданылады. Ол үшін мүлік құны толық немесе ішінара қолма-қол ақшамен не банк аударымы арқылы төленуі керек.
Ал банктер немесе қаржы ұйымдары беретін несиелік қаражат бұл жүйенің аясына кірмейді.
Жылжымайтын мүлік агенттіктері сатып алушылар мен сатушыларға жаңа жүйенің жұмыс тәртібін түсіндіріп, рәсімдеу барысында делдалдық қызмет көрсетеді.
Жылжымайтын мүлік құқығы институтының төрағасы Али Юксельдің айтуынша, бұған дейін мұндай мәмілелерде қолма-қол ақша, чек және меншік құқығы тіркелгенге дейін немесе одан кейін жасалатын банк аударымдары қолданылып келген.
Оның сөзінше, бұрынғы тәртіпте ақшаның толық төленбеуі, мүлде төленбей қалуы, құжаттарға қол қойылғаннан кейін тараптардың мәміледен бас тартуы немесе жалған ақшаға тап болу сияқты тәуекелдер болған. Жаңа жүйе осы қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Юксельдің мәлімдеуінше, тиісті өзгерістер биыл сәуір айында Жылжымайтын мүлік саудасы туралы ережеге енгізілген. Алайда Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті тіркеу бас басқармасы мен банктер арасындағы техникалық интеграция жұмыстары аяқталмағандықтан, жүйені іске қосу кейінге шегерілген.
Оның айтуынша, жаңа жүйе 2026 жылғы 1 желтоқсанда іске қосылады. Оны қолдану тәртібіне қатысты толық ақпарат 30 қарашада жариялануы мүмкін. Сонымен қатар алғашқы кезеңде жүйе пилоттық режимде жұмыс істеуі де ықтимал.
Қандай мәмілелер жаңа жүйеге кірмейді?
Али Юксельдің айтуынша, қауіпсіз төлем жүйесіне қатысты бірқатар ерекшелік қарастырылған.
Атап айтқанда, ол мынадай мәмілелерге қолданылмайды:
Ортақ үлестік меншіктегі жылжымайтын мүлікті сату;
Төлемі бөліп төлеу арқылы жүзеге асатын мәмілелер;
Жылжымайтын мүлікті айырбастау;
Қалалық жаңарту жобалары аясында меншік құқығын иелеріне беру.
Ал тұрғын үйлерді, коммерциялық нысандарды, дүкендерді және жер телімдерін сату жаңа талаптарға бағынады.
Юксельдің хабарлауынша, Ziraat Bankası жаңа жүйені енгізуге дайындық жұмыстарын аяқтаған. Ал өзге банктерде қажетті жұмыстар әлі жалғасып жатыр.
Қауіпсіз төлем жүйесін пайдалану қанша тұрады?
Жаңа жүйені қолдану үшін мәміле тараптары комиссия төлейді. Ziraat Bankası әр тараптан 70 түрік лирасы көлемінде ақы алатынын мәлімдеді.
Ал Takasbank құрамындағы Tapu Takas жүйесінде комиссия әр тарап үшін 200 түрік лирасы болып белгіленген.
Қолданыстағы ережеге сәйкес, комиссия сатушыға аударылатын қаражаттан ұсталады. Дегенмен мәміле тараптары бұл қызмет ақысын кім төлейтінін өзара келісіп, шартта бөлек көрсетуіне болады.
Али Юксельдің пікірінше, жаңа жүйе жылжымайтын мүлік нарығындағы тіркелмеген операциялардың азаюына ықпал етеді. Алдағы уақытта оның басқа да мәміле түрлеріне енгізілуі мүмкін.
Түркияда жылжымайтын мүлік сатып алушылар нені ескеруі керек?
Жылжымайтын мүлік саласындағы заңгер Чигдем Кезер жаңа жүйе төлем жасау мен меншік құқығын тіркеуді қатар жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл алаяқтық тәуекелдерін азайтып, тараптар арасында туындауы мүмкін құқықтық даулардың алдын алуға көмектеседі.
Сонымен бірге заңгер сатып алушыларды сақтық шараларын назардан тыс қалдырмауға шақырды.
Оның айтуынша, жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын:
Нысанның нақты иесі кім екенін мемлекеттік тізілім арқылы тексеру қажет;
Мүлікке қатысты ауыртпалықтар мен шектеулер туралы анықтаманы мұқият зерделеу керек;
Нысанға тыйым салынған-тұрылмағанын тексеру қажет;
Ипотека, кепіл және өзге де заңдық шектеулердің бар-жоғын анықтаған жөн.
Мамандардың пікірінше, жаңа қауіпсіз төлем жүйесі Түркиядағы жылжымайтын мүлік нарығының ашықтығын арттырып, сатып алушылар мен сатушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Түркия алдағы 10 жылда электр энергиясын тұтынуды 50 пайызға арттырмақ.