Түркияда азық-түліктен улану жағдайы жиілеп барады
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның төрт провинциясында жаппай азық-түліктен улану оқиғасы тіркелді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Елде бірден төрт өңірде тіркелген улану жағдайынан кейін халық алаңдаулы. Бірнеше күн ішінде 116 адам ауруханаға жүгінді, олардың басым бөлігінде интоксикацияның типтік белгілері анықталған.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған бұл мәселеге байланысты тағам қауіпсіздігіне қатысты ең болмашы немқұрайлылыққа жол беруге болмайтынын мәлімдеді.
– Ел бойынша жүргізіліп жатқан тексеру шаралары аясында 2025 жылы 1 млн 103 мың азық-түлік өнімдері бойынша инспекция жүргізілді. Ережені бұзған 25 750 кәсіпорынға жалпы сомасы 2 млрд 206 млн түрік лирасы көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынды, – деп атап өтті Ердоған.
Стамбұлдың Фатих ауданындағы бір отбасының төрт мүшесі тамаққа уланып қайтыс болған. Осы қайғылы оқиғадан кейін жаппай госпитализация туралы хабар қоғамдағы алаңдаушылықты күшейтті.
Долайлы ауылында үйлену тойындағы қонақтарға берілген тауық қосылған палаудан кейін 65 адам қатты әлсіреп, іші ауырып, жүрегі айныған әрі құсқан. Зардап шеккендер жергілікті ауруханаларға жеткізілді. Дәрігерлер олардың тағамнан уланғанын растады. Барлық пациенттер емделіп, үйіне шығарылды.
Нигде провинциясында бірнеше адам пастырма жегеннен кейін өзін нашар сезінген. Кейін оларға улану күдігімен тағы үш адам қосылды. Мамандар сауда нүктелерінде тексеріс бастап, өнімдерден сынамалар алды. Екі пациент дәрігерлер бақылауында қала бермек.
Кастамону провинциясында ас беру рәсімінен кейін (қонақтарға тауық қосылған палау және айран ұсынылған) 43 адам медициналық көмекке жүгінді. 33 пациент алғашқы көмектен кейін үйіне жіберілді, ал 10 адам – оның ішінде бір бала – ауруханада қалды.
Бурса қаласында дүкеннен сатып алынған тауық етімен дайындалған кешкі астан кейін үш адам денсаулығының күрт нашарлағанын айтып шағымданды. Олар ауруханаға жеткізілді, жағдайлары тұрақты деп бағаланған. Полиция мен санитарлық қызметтер аталған өнімге тексеріс бастады.
Жергілікті биліктің мәліметінше, барлық жағдай бойынша тергеу жүріп жатыр, зардап шеккендердің басым көпшілігінің жағдайы қанағаттанарлық. Өміріне қауіп төндірмесе де, бұл оқиғалар елдегі азық-түлік сапасын бақылау мәселесіне қайта назар аудартты.
Бұған дейін Стамбұл билігі Фатих ауданында бір отбасының үш мүшесінің қайғылы өліміне байланысты қонақүйді жабу туралы шешім қабылдаған еді. Кейінірек ауруханаға түскен отбасы басшысы да қайтыс болғаны белгілі болды.