Түркияда инфляция 49 ай ішінде ең төменгі деңгейге түсті

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша, Түркияда жылдық инфляция 2021 жылдың соңынан бергі ең төменгі деңгейге дейін төмендеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Фото: Anadolu Ajansi

Түркия статистика институтының (TÜİK) мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсанында тұтынушылық бағалардың жылдық инфляциясы 30,89%-ды құрады, бұл соңғы 49 айдағы ең төменгі көрсеткіш. Мұндай төмен көрсеткіш соңғы рет 2021 жылдың қарашасында тіркелген, ол кезде инфляция 21,31%-ды құрады.

Тұтынушылық баға индексі айлық мәнінде 0,89%-ға, ал ел ішіндегң өндірушілердің баға индексі 0,75%-ға өсті. Өндірушілер бағаларының жылдық өсімі 27,67%-ды құрады.

12 айлық орташа мәндерді есептеу кезінде тұтынушылық инфляция 34,88%-ға, ал өндірушілер инфляциясы — 25,36%-ға жетті. Бұл көрсеткіш жалдау ақысын индекстеудің ең жоғары деңгейін анықтау үшін қолданылады. Желтоқсан айындағы деректер жарияланғаннан кейін тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалдау ақысы 2026 жылдың қаңтарында 34,88%-ға өсуі мүмкін екені белгілі болды.

Еске сала кетсек, Түркия статистика институты (TÜİK) қараша айындағы инфляцияның ресми деректерін жариялады, онда баға өсімінің одан әрі баяулағаны көрсетілген.