Түркияда қонақ үйдегі өрт ісі бойынша 11 адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда Карталкая тау шаңғысы курортындағы Grand Kartal қонақ үйінде болған өрт ісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Осы жылдың басында Түркияның Болу провинциясындағы Grand Kartal қонақ үйіндегі өрттен 78 адам қаза тапқаны белгілі болды, олардың басым бөлігі балалар. Өрт кезінде қонақ үйде барлығы 238 адам болған. Олардың 130-дан астамы зардап шекті.
Ұзақ тергеуден кейін Болу провинциясының аса ауыр қылмыс бойынша бірінші соты11 адамды кінәлі деп тауып, оларды өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бұл ретте сот қандай да бір жеңілдететін мән-жайларды қолданудан бас тартты және жаза мерзімі бойынша ешқандай жеңілдік жасаған жоқ.
Сотталғандардың арасында қонақ үй иесі Халит Эргюльдің өзі, оның жұбайы Эмине Эргюль, олардың қыздары Элиф Арас және Джейда Хаджибекироглу, қонақ үй иесінің күйеу баласы Эмир Арас, қонақ үй басқарушысы Зеки Йылмаз және Gazelle қонақ үйінің бас менеджері Ахмет Демир бар. Олар өрттен қаза тапқан 34 бала мен 44 ересек адамның өліміне кінәлі деп танылды.
Тергеу барысында 32 айыпталушының 19-ы қамауда болды, қалғандары ешқайда кетпеу туралы қолхат жазды. Үкім жарияланғаннан кейін бұрын бостандықта болған екі адам сот залында қамауға алынды.
Соңғы тыңдауда сотталушылар болған оқиға үшін жауап бермейтінін және өрт жазатайым оқиғаның салдарынан болғанын айтып, барлық айыптауды жоққа шығарды.
Бірақ сот бұл қайғылы оқиға өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзудың және ондаған азаматтың өліміне әкеп соқтырған қонақ үй басшылығының немқұрайлылығының нәтижесі деп санады.
Соттың бұл шешімі Түркиядағы адамдардың жаппай өліміне, соның ішінде қауіпсіздік ережелерін бұзуға байланысты істерге қатысты ең қатаң үкімдердің бірі болды.
Бұған дейін осы жылдың 21 қаңтарында Түркияның Болу провинциясындағы Карталкая тау шаңғы курортындағы қонақүйде ірі өрт шыққанын жазған болатынбыз.
Кейінірек Түркиядағы Grand Kartal қонақ үйіндегі өрттің нақты себебі белгілі болды.
Тергеудің негізгі кезеңдері аяқталғаннан кейін 13 күдіктіге 1 998 жылға бас бостандығынан айыру қаупі төнді.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Болу қаласындағы Карталкая тау-шаңғысы курортында өрттен қаза тапқан Гюльтекин отбасын жерлеу рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы Түркия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Түркия Болу трагедиясынан кейін аза тұту күнін жариялады.