Түркияда S-70 тікұшағы апатқа ұшырап, төрт әскери қызметкер қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның оңтүстік-шығысындағы Малатья провинциясында 12 қарашада S-70 әскери тікұшағы апатқа ұшырады. Салдарынан борттағы төрт әскери қызметкер қаза тапты. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.

Фото: DHA

— S-70 тікұшағы әзірге белгісіз себеппен Малатья провинциясында апатқа ұшырады. Борттағы төрт әскери қызметкеріміз қаза тапты, – деп хабарлады Түркия Қорғаныс министрлігі.

TRT Haber телеарнасының мәліметінше, апат Түркия Әуе күштері қолбасшылығының базасына жақын жерде болған. Тікұшақ құлағаннан кейін жарылыс тіркелген. Апат болған аумақта тұрғын үйлер жоқ.

S-70 (Sikorsky S-70, Black Hawk) – Түркия армиясының қару-жарағында тұрған көп мақсатты әскери тікұшақ.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Флорида штатындағы Палм-Бич қаласында ұшақ көшелердің біріне құлағаны хабарланған болатын.