Түркия статистика институтының (TÜİK) мәліметіне сәйкес, есепті кезеңде елдің туризмнен түскен кірісі 15,865 млрд АҚШ доллары болды.
Туристік түсімнің негізгі бөлігі — 15,656 млрд доллар — шетелдік туристер есебінен қалыптасты. Ал транзиттік жолаушылардан 209,5 млн доллар түсті. Туризмнен түскен жалпы табыстың шамамен 15,6%-ын шетелде тұрақты тұратын Түркия азаматтары қамтамасыз етті.
Екінші тоқсанда Түркияға 15,58 млн адам келді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,1%-ға аз. Соған қарамастан, бір туристің бір түнге шаққандағы орташа шығыны 113 АҚШ долларына дейін өсті.
Елге келгендердің 71,3%-ы демалу, ойын-сауық және мәдени іс-шараларға қатысу мақсатында сапарлаған. Тағы 16,6%-ы туыстары мен достарына қонаққа келген.
Сонымен қатар Түркия тұрғындарының шетелге сапар шығындары 7,4%-ға өсіп, 2,96 млрд АҚШ долларына жетті. Шетелге шыққан азаматтар саны 16,5%-ға артып, 3,43 млн адам.
Түркияның Қаржы және қазына министрі Мехмет Шимшек геосаяси тәуекелдерге қарамастан, елдің жылдық туристік табысы 65,2 млрд АҚШ доллары деңгейінде сақталып отырғанын айтты. Оның сөзінше, үкімет салықтық жеңілдіктер, қаржыландыру бағдарламалары және жыл бойғы туризмді дамыту шаралары арқылы саланы қолдауды жалғастырып келеді.
Бұған дейін Түркі мемлекеттері ұйымы кеңістігінде елдер арасындағы саяхатты жеңілдетуге және мәдени ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған жаңа бастамалар әзірленіп жатқаны хабарланған болатын.