Түркияда жыл сайын шамамен 180 мың бала қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Фото: Anadolu ajansı

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдары Түркияда қылмыстық жауапкершілікке тартылған балалар саны тұрақты түрде артып келеді. Сарапшылар бұл үрдісті әлеуметтік теңсіздік, қылмыстық мәдениеттің ықпалы және жазасыздық сезімінің күшеюімен байланыстырады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Түркияның Статистика институты (TÜİK) мен Әділет министрлігінің деректеріне сәйкес, елде жыл сайын орта есеппен 180 мыңға жуық бала «қылмыстық жауапкершілікке тартылған» санатына енгізіледі.

2015 жылы мұндай жағдайлар саны шамамен 158 мыңды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш ең жоғары деңгейге жетіп, 189 мыңға жуықтаған. 2025 жылы көрсеткіш аздап төмендегенімен, 186 мыңнан асып отыр.

Түркияда әрбір төртінші тұрғын бала екенін ескерсек, бұл деректер мәселенің ауқымды екенін көрсетеді. Кәмелетке толмағандар көбіне денсаулыққа қасақана зиян келтіру, ұрлық, қорқыту, қорлау, мүлікке залал келтіру, сондай-ақ есірткіге қатысты қылмыстар бойынша істерде кездеседі.

Құқықтанушылар мен заң психологиясы саласындағы мамандар COVID-19 пандемиясынан кейін балалар арасындағы қылмыстың айқын өскенін атап өтеді.

Адвокат Джемалеттин Гюрлердің айтуынша, соңғы жылдары балалар қылмыстық топтар тарапынан жиі пайдаланылып отыр. Ал оларды қорғауға бағытталған қолданыстағы нормалар кей жағдайда жазасыздыққа жол ашып, қоғамда әділетсіздік сезімін күшейтуде әрі қылмыстық ортаның нығаюына ықпал етуде.

Сарапшылар отбасыға әлеуметтік қолдауды күшейту, тәрбие жүйесін жаңғырту, медиаға және қылмыстық саясатқа қатысты тәсілдерді қайта қарау секілді кешенді шараларсыз бұл үрдісті тоқтату қиын екенін атап өтті.

Бұған дейін Түркия психотроптық препараттарды тұтынудан рекорд орнатқанын хабарладық.