Жарылыс 9 қараша, дүйсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 11:46-да болған. Оқиғадан кейін зауыт аумағында өрт шығып, өндірістік кешен үстін қою түтін басқан. Әуеден түсірілген кадрларда нысанды арнайы техниканың қоршауға алғаны, ал жедел жәрдем көліктерінің зардап шеккендерді жақын маңдағы ауруханаларға жеткізіп жатқаны көрінеді.
Измир губернаторы Сүлейман Элбанның айтуынша, жөндеу жұмыстары кезінде көпірлі кран электр доғалы пештің үстіне құлап, газ құбырын зақымдаған. Соның салдарынан жарылыс болған.
Жұмысшылардың бірі AFP агенттігіне кранның үзілген арқанынан шамамен 120 тонна балқыған болат пешке төгіліп, қуатты реакция туындағанын айтқан.
Оқиға кезінде зауыттың зардап шеккен бөлігінде шамамен 200 қызметкер болған. Әдетте жұмысшылар саны бұдан көп болады. Алайда техникалық қызмет көрсетуге байланысты өндіріс уақытша тоқтатылған.
Апаттың мән-жайын тергеу үшін төрт прокурор тағайындалды. Бес адам ұсталды. Құтқарушылар үйінді астында қалған адамдарды іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Түркияның Измир провинциясындағы HABAŞ металлургия зауытында болған жарылыстан 10 жұмысшы қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алғанын жаздық.