Түркиядағы наразылық кезінде зардап шеккен қазақстандықтар жоқ – СІМ
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Түркиядағы елшілігі наразылыққа байланысты қазақстандықтарға үндеу жасаған болатын.
— Ең бастысы — зардап шеккендер жоқ. Бұл Сыртқы істер министрлігінің, бас консулдықтың және Анкарадағы елшілігіміздің белсенді жұмысының нәтижесі. Біздің Ыстамбұл, Измир және Анталия қалаларында бас консулдықтар бар. Наразылық басталған сәттен проактивті жұмыс жүргіздік. Біз азаматтарымызды, әсіресе студенттер мен туристерді бірден ескертіп, жаппай жиналатын және наразылық өтетін орындарда болмауға шақырдық, — деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Дегенмен министрдің орынбасары Түркияда қанша Қазақстан азаматы барын нақты атай алмады.
— Дәл қанша азаматымыздың сол жерде екенін нақты айта алмаймын. Өйткені, бірнеше санаттағы азаматтарымыз бар, яғни студенттер, туристер және консулдық есепте тұрғандар. Әрине, сақтық шараларын ұстану қажет. Бірақ, дәл қазір мүлде баруға болмайды деп айтпас едім, жеке пікірім күте тұрар едім, — деп толықтырды Ақан Рахметуллин.
Айта кетсек, Түркияда 19 наурыздан бері жалғасып жатқан наразылықтар кезінде 1 133 адам ұсталды.
Бұған дейін Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлу ұсталғаны туралы хабарланған болатын. Ол жемқорлық және террорлық ұйымдарды қолдау айыптары бойынша тергеліп жатыр.
Осы оқиғадан кейін Түркияның ұлттық валютасы — лира құнсызданып, тарихи минимумға жетті.
Ыстамбұлда барлық митингілер мен шерулерге тыйым салынғанына қарамастан, наразылықтар елдің бірнеше провинциясында жалғасып жатыр.
23 наурызда Экрем Имамоғлу Түркия президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды.