Түрік лирасының құны түсіп барады
АСТАНА. KAZINFORM - Түркияның ұлттық валютасы АҚШ долларымен салыстырғанда теріс рекордын жаңартып, әлі құлдырау үстінде, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

USD/TRY бағамы бойынша алғаш рет 1 доллардың құны 36 лираға жақындады. Бұл инфляцияның өсуі мен қаржылық мәселелердің салдарынан туындаған Түркиядағы қиын экономикалық жағдайдың тағы бір белгісі болды.
Доллар, апта басында әлемдік нарықтарда жалпы өсімді көрсетті. Қытайдан, Мексикадан және Канададан келетін тауарларға жаңа тарифтермен АҚШ долларының индексі үш аптадағы ең жоғары 109,80 деңгейіне жетті, бірақ көп ұзамай 109,35-ке дейін төмендеді. Дегенмен, доллар әлемдік аренада америкалық валютаның нығаюының жалпы тенденциясын қолдап, бір күнде шамамен 1%-ға өсті.
Осының аясында түрік лирасының құлдырауы ел экономикасына қысым жасап отыр. Түркияның қор биржасы дүйсенбі күні төмен бағамен аяқталды, ең үлкен құлдырау электр энергиясы, холдинг және инвестициялық компаниялар сияқты секторларда байқалды. Ыстанбұлда азайып бара жатқан акциялар саны 475 болды, тек 102 компания ғана сауда күнін плюспен аяқтады.
Валюта нарығында USD/TRY көрсеткіші 0,71%-ға көтеріліп, 35,95-ке жетті, ал еуро түрік лирасына шаққанда 0,30%-ға көтеріліп, 1 еуро үшін 37,10-ды құрады.
Бұған дейін Түркияның қолма-қол ақшасыз төлем жүйесіне көшкені туралы хабарладық.