Түркиядағы жер сілкінісінен кейін құрылыс талаптары мен тұрғын үй қауіпсіздігі қалай өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — 2023 жылғы ақпанда Түркияда болған жойқын жер сілкінісі құрылыс нормаларының қатаң болуы ғимараттардың қауіпсіздігіне толық кепілдік бермейтінін көрсетті. Себебі талаптар іс жүзінде сақталмаса, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Түркия құрылыс тәсілдерін қалай өзгертіп жатыр, тұрғын үйлердің сапасын қалай бақылайды және ескі ғимараттар мәселесін қалай шешеді? Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі жазды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Түркияда қандай құрылыс нормалары қолданылады

Сейсмикалық төзімді құрылысқа қойылатын қазіргі талаптардың негізі — 2018 жылы жарияланып, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Түркияның жер сілкінісіне төзімді құрылыс регламенті. Бұл құжат 2023 жылғы жер сілкіністеріне дейін қабылданған. Оны әзірлеу кезінде бұған дейінгі апаттардың тәжірибесі мен инженерия саласындағы жаңа жетістіктер ескерілген.

Регламент жаңа ғимараттарды жобалау, қолданыстағы құрылыстардың жер сілкінісіне төзімділігін тексеру және оларды нығайту тәртібін белгілейді. Талаптар темірбетон, болат және ағаш конструкцияларға қолданылады. Сондай-ақ биік ғимараттарға, іргетастарға және жер сілкінісінен қорғайтын арнайы жүйелері бар нысандарға жеке талаптар қарастырылған.

Сейсмикалық төзімді құрылыстың негізгі мақсаты — жер сілкінісі кезінде ғимараттың кенеттен қирауына жол бермеу. Ол үшін инженерлер болуы мүмкін жер сілкінісінің күшін, топырақтың ерекшеліктерін және құрылымдардың жүктемеге төтеп беру қабілетін ескеруі керек.

Бұл ретте бетонның сапасы, арматураның дұрыс орналастырылуы, бағандар мен арқалықтардың берік жалғануы, сондай-ақ іргетастың жер жағдайына сәйкестігі ерекше маңызға ие. Ел аумағының барлығына ортақ бірдей шешім жоқ. Талаптар сейсмикалық қауіп деңгейіне, топырақтың қасиетіне, ғимараттың биіктігі мен мақсатына қарай белгіленеді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Құрылыс сапасын бақылау неге жеткіліксіз

Түркияда 2001 жылы қабылданған № 4708 заңға негізделген құрылысқа техникалық бақылау жүйесі жұмыс істейді. Арнайы ұйымдар жобалық құжаттаманы тексеріп, құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалайды.

Бақылау инженерлік есептеулерді, құрылыс материалдарын және нысанда технологиялық талаптардың сақталуын тексеруді қамтиды. 2018 жылы техникалық қадағалау жүйесіне де өзгерістер енгізілді. Алайда 2023 жылғы жер сілкіністері қағаз жүзіндегі талаптар мен нақты құрылыс сапасының арасында үлкен айырмашылық болуы мүмкін екенін көрсетті. Құрылыс барысында жобалау, материал таңдау, жұмыс жүргізу кезінде немесе пайдалануға берілген ғимараттың көтергіш конструкцияларын заңсыз өзгерту салдарынан заңбұзушылықтар болуы мүмкін.

Сондықтан құрылыс нормалары мен тексерістердің өзі жеткіліксіз. Тәуелсіз қадағалау, материалдарды сынаудың нақты нәтижелері және құрылысқа қатысушылардың барлығы — жобалаушылардан бастап мердігерлер мен бақылаушы ұйымдарға дейінгі тараптардың жауапкершілігі қажет.

Қалпына келтіру жұмыстары жер таңдаудан басталады

2023 жылғы жер сілкіністерінен кейін Түркия билігі қалпына келтіру жұмыстарының қарқынына ғана емес, жаңа тұрғын үйлер салынатын аумақтардың қауіпсіздігіне де баса назар аударып келеді.

Құрылыс басталғанға дейін топырақты зерттеп, геологиялық қауіптерді бағалау қажет. Зерттеу нәтижесіне қарай билік елді мекендерді бұрынғы орнында қалпына келтіруге бола ма, әлде құрылысты қауіпсіздеу аумаққа көшіру керек пе деген шешім қабылдайды. Кейбір ауылдық елді мекендерде нақты аумақтың ерекшеліктеріне бейімделген типтік тұрғын үй жобалары қолданылады.

Фото: glavgp.ru

Бұл маңызды мәселе. Өйткені дұрыс салынған ғимараттың өзі тұрақсыз топырақ, көшкін және басқа да табиғи факторлардың салдарынан қауіпке ұшырауы мүмкін. Тұрғын үйдің қауіпсіздігі іргетас құюдан бұрын, яғни аумақты зерттеп, құрылысқа қолайлы жер таңдаудан басталады. Сонымен қатар қалпына келтіру жұмыстарының жылдамдығы сапаға кесірін тигізбеуі керек. Жаңа үйлер жобалаудан бастап пайдалануға берілгенге дейінгі барлық кезеңде құрылыс нормаларына сай болуы қажет.

Ескі тұрғын үйлер мәселесі қалай шешіліп жатыр

Түркияның негізгі міндеттерінің бірі — заманауи талаптар енгізілгенге дейін салынған немесе сол кездегі нормаларды бұза отырып тұрғызылған ғимараттардың қауіпсіздігін арттыру. Бұл мәселе, әсіресе, ірі қалаларда өзекті. Өйткені бүкіл тұрғын үй қорын бір мезетте тексеріп, жаңарту мүмкін емес. Сондықтан ең әуелі қай ғимараттарға басымдық беру керегін анықтау қажет. Бұл ретте үйдің ескі болуы оның міндетті түрде қауіпті екенін білдірмейді. Сол сияқты жуырда жөндеуден өткен немесе сыртқы келбеті заманауи ғимараттың конструкциялары да сенімді деген сөз емес.

Ғимараттың жағдайын бағалау үшін мамандар инженерлік тексеріс жүргізеді. Олар жобалық құжаттаманы зерттеп, бағандар, арқалықтар мен жабындарды тексереді, бетон мен арматураның сапасын, сондай-ақ іргетастың жағдайын бағалайды. Тексеріс нәтижесіне қарай конструкцияларды нығайту, күрделі жөндеу жүргізу, ғимаратты пайдалануды шектеу немесе оны бұзып, орнына жаңасын салу туралы шешім қабылданады.

Ғимаратты нығайту қанша тұрады

Салынған үйдің жер сілкінісіне төзімділігін арттырудың бірнеше жолы бар. Ғимараттың жағдайына қарай мамандар қосымша темірбетон қабырғалар орнатуды, бағандар мен арқалықтарды нығайтуды, олардың жалғанған тұстарын күшейтуді немесе болат және композит материалдарын қолдануды ұсынуы мүмкін. Кей жағдайда іргетас пен топырақты да бекіту қажет болады.

Жұмыс технологиясы инженерлік тексеріс пен есептеулердің нәтижесіне қарай таңдалады. Сапалы орындалған нығайту жұмыстары ғимараттың қауіпсіздігін едәуір арттыра алады. Алайда нәтиже конструкциялардың бастапқы жағдайына, жұмыс көлеміне және оның қаншалықты сапалы орындалғанына байланысты.

Жұмыстың құны ғимараттың ауданы мен қабат санына, көтергіш конструкциялардың жағдайына, іргетасты нығайту қажеттілігіне, таңдалған технологияға және құрылыс материалдарының бағасына қарай есептеледі. Бұдан бөлек, жобалау, келісім алу және тұрғындарды уақытша көшіру шығындары да болуы мүмкін.

Түркиялық БАҚ-тың 2025 жылғы көктемде жариялаған ақпараттарында ғимараттарды нығайту құнының бір шаршы метріне шамамен 2-5 мың түрік лирасы жұмсалатыны айтылған. Алайда бұл барлық нысанға ортақ баға емес. Түпкілікті сома атқарылатын жұмыстың көлемі мен бағаның өзгеруіне байланысты.

Фото: wikipedia.org

Нығайту керек пе, әлде бұзу керек пе

Көпқабатты үй тұрғындары үшін ғимаратты қайта жаңарту туралы шешім тек техникалық емес, ұйымдастыру мәселелеріне де байланысты. Пәтер иелері жұмыс жүргізуге келісіп, шығындарды қалай бөлетінін және жөндеу кезінде пәтерлерін уақытша босату қажеттігін шешуі керек.

Ғимаратты нығайту оны сақтап қалуға мүмкіндік береді, бірақ бұл барлық жағдайда тиімді бола бермейді. Көтергіш конструкциялар қатты зақымданса немесе жұмыс көлемі тым үлкен болса, жаңа үй салу тиімдірек болуы мүмкін.

Жаңа ғимаратты қолданыстағы талаптарды ескере отырып жобалауға болады. Алайда бұл қосымша қаражат пен келісімдерге уақыт жұмсауды, тұрғындарды көшіруді, сондай-ақ жер телімі мен жаңа үйдегі тұрғын үй алаңын бөлу мәселелерін шешуді талап етеді.

Сондықтан ғимаратты нығайту немесе бұзу туралы шешім техникалық қорытындыға, экономикалық есепке және түсінікті шешім қабылдау тәртібіне негізделуі керек. Барлық ғимаратқа бірдей қолданылатын әмбебап шешім жоқ.

Қауіпсіздік тұтас жүйеге байланысты

Түркия тәжірибесі жер сілкінісіне төзімділікті тек құрылыс нормаларын қатаңдату немесе зардап шеккен аудандарды қалпына келтіруді жеделдету арқылы қамтамасыз ету мүмкін емес екенін көрсетті.

Топырақты зерттеу мен жобаны тексеруден бастап, құрылыс материалдарын сынау, жұмыс барысын қадағалау және дайын ғимараттың жағдайын бағалауға дейінгі барлық кезеңде тұрақты бақылау қажет.

Ескі тұрғын үйлермен жұмыс істеу де маңызды. Бүкіл ғимаратты бір мезетте тексеріп, жаңарту мүмкін болмағандықтан, әуелі қауіп деңгейі жоғары нысандарға басымдық берілуі керек. Ол үшін сапалы инженерлік диагностика, бағалаудың түсінікті өлшемдері және ғимараттарды нығайтуға немесе тұрғындарды көшіруге арналған қаржыландыру тетіктері қажет.

2023 жылғы жер сілкіністерінен кейінгі қалпына келтіру жұмыстары Түркияны құрылыс пен тұрғын үй қауіпсіздігіне қатысты көзқарасын қайта қарауға мәжбүр етті. Алайда ұзақ мерзімді нәтиже құрылыс нормаларының іс жүзінде қаншалықты сақталатынына — жаңа үйлер салу кезінде де, қолданыстағы ғимараттарды пайдалану барысында да талаптардың орындалуына байланысты.