Түркиядағы зілзала: Экскаваторшы жігіт өз әкесін 47 сағаттан соң құтқарып алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркияның Кахраманмараш қаласында үйінді астында қалған қарт адам 47 сағаттан кейін құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолу агенттігіне сілтеме жасап.

Құтқару операциясына экскаватор машинисі болып жұмыс істейтін ұлы Осман Байдемир де қатысқан.

Осман Байдемирдің ата-анасы тұратын сегіз қабатты ғимарат дүйсенбі күні 7,7 және 7,6 балдық жер сілкіністерінен қираған. Ер адам Бурса қаласының құтқарушылар бригадасына үйінділердің астынан дауыс естігенін айтты. Содан кейін Айдемир экскаватордың операторлық креслосына өзі отырып, әкесін басып қалған бетон блоктарын көтеруге көмектескен.

Құтқару операциясы 14 сағатқа созылып, 61 жастағы Салман Айдемир аман қалды. Ал оның әйелі, Осман Байдемирдің анасы зілзала салдарынан қайтыс болған.

Айта кетейік, Түркияда зілзала құрбандарының саны 6,2 мыңнан асты, тағы 37 011 адам жарақат алды.

Бүгін қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны Түркиядағы жойқын жер сілкінісі болған жерге аттанды. Екінші эшелон құрамында жеке құрамнан 60 адам, олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, қызметтік иттер бар.

Сонымен бірге Түркияда тұратын қазақстандықтар зардап шеккендерге 34 млн теңге жинап берді.


Фото: aa.com.tr