Түрікменстан халықаралық мұнай-газ форумында инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM — Түрікменстанның Сауда-өнеркәсіп палатасында «Түрікменстанның мұнайы мен газы – 2026» атты халықаралық конференция мен көрме жұмысын бастады, деп хабарлайды TDH .

Фото: TDH

Жыл сайын өткізілетін халықаралық конференция мен көрме Түрікменстанның отын-энергетика кешенінің жетістіктерін танытуға арналған тиімді алаң саналады. Сондай-ақ ол тікелей әрі нәтижелі байланыстар орнату, жаңа жобаларды іске асыру және әлемдік тәжірибемен танысу сияқты маңызды міндеттерді шешуге ықпал етеді.

Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов құттықтау сөзінде биыл жоғары деңгейде ұйымдастырылып отырған халықаралық конференция мен көрменің отандық мамандар мен шетелдік серіктестер арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ болашақта кең ауқымды ынтымақтастық орнату және оны дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Биылғы форумға қатысушылардың көптігімен ерекшеленеді. Халықаралық көрмеге 75-ке жуық елден 1700-ден астам өкіл қатысты.

Көрме залында әлемдік отын-энергетика нарығындағы негізгі ойыншылар саналатын 130-дан астам ірі компания өз стендтерін орналастырды. Көрмеде көмірсутек шикізатын барлау, өндіру, тасымалдау және сақтау жүйелерін қамтамасыз ету, терең бұрғылау, қолданыстағы құбырларды жаңғырту және жаңаларын салу, мұнай мен газды өңдеу қуаттарын арттыру, ұңғымалардың өнімділігін көтеру салаларындағы өнімдер мен қызметтердің кең ауқымы ұсынылған.

Каспий теңізіндегі жобаларды іске асыруға қажетті теңіздегі барлау жұмыстары мен жағалау инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелеріне ерекше орын берілген. Сонымен қатар экологиялық жаңашылдықтар мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы перспективалы әзірлемелерге, кәсіпорындардағы экологиялық қауіпсіздікті арттыруға баса назар аударылған.

Фото: TDH

Түстен кейін «Түрікменстанның мұнайы мен газы – 2026» халықаралық конференциясы жұмысын бастады. Онда энергетикалық нарықтарды дамытудың жаһандық үрдістері мен ынтымақтастық мүмкіндіктері, қолданыстағы мұнай-газ кен орындарын игеру және жаңа кен орындарында өндіру көлемін оңтайландыру үшін шетелдік инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Түрікменстанның Каспий теңізіндегі секторына жататын теңіз учаскелерін игеру және жаңа аумақтарда бұрғылау жұмыстарын жандандыру мәселелеріне назар аударылды.

Бұдан кейін халықаралық форум панельдік пікірталастар форматында жалғасты. «Өңірлік энергетикалық және инфрақұрылымдық өзара байланыс: экспорттық бағыттар мен ұзақ мерзімді өткізу нарықтарын дамыту» атты отырыстың негізгі тақырыптарының бірі инвестиция тарту және инновацияларды енгізу болды.

Отырыс барысында өзекті геологиялық деректер мен болашағы зор инвестициялық жобалар да таныстырылды. Баяндамашылардың айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыру инвестиция тартуға және технологиялық әріптестікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Аталған бастамалар Түрікменстан мен көршілес елдердің экономикалық әлеуетін нығайтып қана қоймай, жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға ықпал етуге бағытталған.

Конференцияның екінші күні Каспий теңізіндегі инвестициялар, газ-химия саласын дамыту және болашақ энергетика саласына мамандар даярлау мәселелері бойынша пікірталастар өтеді.

Үшінші күннің негізгі тақырыптары метан шығарындыларын қысқарту, энергия тиімділігін арттыру және энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету болмақ.

Бұған дейін Қазақстан мен Түрікменстан экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге келіскен болатын.

Айта кетелік Қазақстан мен Түрікменстан медиасеріктестіктің жаңа кезеңіне қадам басқан еді.