Түрікменстан Президентінің Қазақстанға сапарында қандай келіссөздер өтеді

Фото: Kazinform; Pixabay; Peretz Partensky

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров Түрікменстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапарында қай салаларда келіссөздер жүргізілетінін айтты. 

Сапар бағдарламасында жоғары деңгейдегі келіссөздер көзделген, оның барысында тараптар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту перспективаларын қарастырады.

— Сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, энергетика саласындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасулар мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады. Өңірлік қауіпсіздік пен халықаралық ұйымдардағы күш-жігерді үйлестірудің өзекті аспектілері талқыланады деп күтілуде, — деді ҚР СІМ ресми өкілі елордада өткен брифингте.

Келіссөздер қорытындысы бойынша қазақ-түрікмен ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға мемлекеттік сапармен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов келді.

Соңғы отыз жылдан аса уақыт ішінде Астана мен Ашхабад саяси, экономикалық және көлік-логистикалық салаларды қамтитын өзара ынтымақтастықты тұрақты дамытты.