Сапар бағдарламасында жоғары деңгейдегі келіссөздер көзделген, оның барысында тараптар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту перспективаларын қарастырады.
— Сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, энергетика саласындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасулар мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады. Өңірлік қауіпсіздік пен халықаралық ұйымдардағы күш-жігерді үйлестірудің өзекті аспектілері талқыланады деп күтілуде, — деді ҚР СІМ ресми өкілі елордада өткен брифингте.
Келіссөздер қорытындысы бойынша қазақ-түрікмен ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға мемлекеттік сапармен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов келді.
Соңғы отыз жылдан аса уақыт ішінде Астана мен Ашхабад саяси, экономикалық және көлік-логистикалық салаларды қамтитын өзара ынтымақтастықты тұрақты дамытты.