Түрікменстан ядролық қаруға тыйым салу туралы келісімге қосылуды қарастырады
АСТАНА. KAZINFORM — Түрікменстан 2017 жылғы Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қосылу мүмкіндігін зерделеп жатыр.
Бұл туралы үкімет отырысында Сыртқы істер министрі Рашид Мередов мәлімдеді, деп хабарлайды TDH.
Қауіпсіздік саласында халықаралық ұйымдармен әріптестікті нығайту бойынша бірқатар ұсыныс Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтің қарауына ұсынылды. Атап айтқанда, 2021 жылы күшіне енген Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қосылу мәселесін зерделеу жұмыстарын жүргізу ұсынылып отыр. Құжатқа қазірдің өзінде 94 мемлекет қосылған.
Р. Мередов Түрікменстанның қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық бастамаларды дәйекті түрде қолдайтынын атап өтті. Ел 1994 жылы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа, 1998 жылы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа, 2006 жылы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қосылды.
Сондай-ақ 2026 жылы Түрікменстанда Орталық Азия және Кавказ елдерінің үйлестірушілерінің қатысуымен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Ұлттық ақпараттық орталықтары үшін аймақтық семинар өткізу мәселесі қарастырылуда.
Сонымен қатар Түрікменстанда орналасқан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың Халықаралық мониторинг жүйесінің сейсмологиялық станциясының жұмысын жетілдіру және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Түрікменстан ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықты күшейтетіні жайлы жазған едік.