Түркістан қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды

Фото: Түркістан қаласы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласы әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өкімімен Мадияр Әліпов Түркістан қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Мадияр Бақтыбайұлы Әліпов 1987 жылы 4 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген. Білімі — жоғары. Ол — мемлекеттік қызмет саласында 18 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі маман.

Еңбек жолын Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында маман болып бастаған. Әр жылдары Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, Түркістан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Осыған дейін Түркістан облысы әкімі аппаратының қоғамдық-саяси мониторинг бөлімінің басшысы болды.

Жаңа қызметінде Мадияр Бақтыбайұлы Түркістан қаласы әкімдігі құрылымындағы ішкі саясат, мәдениет және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім салаларына жетекшілік етеді.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жаңадан тағайындалған орынбасарын ұжымға таныстырып, аталған бағыттардың қала үшін стратегиялық маңызы зор әрі жауапты салалар екенін атап өтті.

Фото: Түркістан қаласы әкімдігі

Сонымен қатар, жүктелген міндеттердің маңыздылығын ескере отырып, орынбасарының кәсіби біліктілігі мен басқарушылық тәжірибесіне сенім білдірді және алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан бұрын Түркістан облысының Білім басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жазған едік.