Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында министрлік пен «South Hydro Power» ЖШС тиісті келісімге қол қойды.
Жоба жүзеге асырылғаннан кейін Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы 1 миллионнан астам тұрғын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар су электр станцияларының каскады өңірдегі энергия тапшылығын азайтуға ықпал етеді. Жобада қуаты 72 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану көзделген.
– Бүгін біз маңызды стратегиялық құжатқа қол қойдық. Бұл жобаны іске асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және Түркістан облысының дамуына елеулі үлес қосады. Қосымша энергетикалық қуат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын экологияға зиян келтірмей, тиімді орындауға мүмкіндік береді, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Келісімде нысанның тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті су тұтыну көлемі, инвестициялық кезеңі және пайдалану мерзімдері белгіленген.
Жоба аясында ұзындығы 54,7 шақырым болатын магистральдық су құбыры салынады. Кейін бұл нысан мемлекет меншігіне өтеусіз беріледі.
Су құбыры мен су электр станцияларының каскады Қазақстанның стратегиялық су нысандары тізіміне енгізілген.
Министрлік мәліметінше, құрылыс барысында пайдаланылатын отандық өнімдердің үлесі 90 пайызды құрайды.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысындағы Өгем өзенінде су электр станцияларының каскады бар топтық су құбырын салуға 191,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отырғаны хабарланған еді.