Агенттіктің дерегінше, күдікті субсидияларды жымқыру схемасын ұйымдастырып, техника жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы ретінде әрекет еткен коммерциялық ұйымдарды өз бақылауына алған.
Атап айтқанда, «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер рәсімделген.
Лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы әрекет еткен. Бюджет қаражаты осы ұйымның арнайы шотына аударылған.
— Алайда 37 жаңбырлатып суару машинасы іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, міндеттемелердің толық орындалғаны туралы жалған мәліметтер көрсетілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген, — деп хабарлады агенттіктен.
Кейін бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған.
Нәтижесінде мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.
Күдікті қамауға алынды.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.