Түркістан облысында 119,4 млн теңгенің асфальт жабыны қайта төселді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында талапқа сәйкес келмеген материалдар қолданылған жол учаскелеріндегі асфальт жабыны мердігерлердің өз қаражаты есебінен қайта төселді.

Фото: Көлік министрлігі

Қазіргі таңда өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 17 692 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың 95 пайызы, жергілікті маңызы бар облыстық және аудандық жолдардың 94,8 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, жол сапасына қатысты жыл басынан бері арнайы зертханалар 532 сынама алған.

– Талапқа сәйкес келмеген материалдарды пайдаланған мердігерлерге 10 млн теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен 15 мың шаршы метр немесе 119,4 млн теңгенің асфальт жабынын қайта төседі, – деді спикер.

Ресми мәліметке сәйкес, биыл облыста автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 35,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат есебінен 1 138,1 шақырымды қамтитын 224 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Жыл қорытындысы бойынша 103 нысан немесе 445,2 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған.

Бұған дейін Түркістан облысында бір жыл бұрын жөнделген жол учаскесі қайта бүлінгенін жазған едік