Түркістан облысында балмұздақ зауыты өзенге қалдық төгіп жатыр — әкімдік жауап берді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Төлеби ауданында жергілікті балмұздақ зауытының өндірістік қалдықтарды өзенге төгіп жатқаны туралы тұрғындардың шағымы әлеуметтік желіде тарады.

Видеодан алынған скрин

Желіде жарияланған бейнежазбада арық бойымен тартылған құбырдан сүтке ұқсас ақ түсті сұйықтықтың ағып жатқаны көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, бұл — өндіріс орнынан шығарылған қалдық. 

Ауыл тұрғындары мұндай жағдайдың қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін екенін айтып, құзырлы органдардан тексеру жүргізуді сұраған.

Осы жағдайға байланысты Төлеби ауданының әкімдігі ресми түсініктеме берді.

Видеодан алынған скрин

Әкімдік мәліметінше, бейнежазба 2025 жылғы 3 шілдеде Бірінші Мамыр ауылының тұрғыны тарапынан түсірілген. Онда «Балмұздақ» ЖШС-ның өндірістік ағынды суларының Бадам өзеніне төгілгені көрсетілген.

— Аталған дерек бойынша Бірінші Мамыр ауылдық округінің әкімі Б.Маусынбеков оқиға орнына барып, мән-жайды зерделеді. Нәтижесінде құзыретті мемлекеттік органдарға тиісті шаралар қабылдау туралы хаттар жолданды, — делінген әкімдік жауабында.

Сондай-ақ әкімдіктің хабарлауынша, 2026 жылғы 20 шілдеде аудан әкімінің орынбасары Б.Қайратұлының төрағалығымен, зардап шеккен балық шаруашылығы өкілдерінің қатысуымен «Балмұздақ» ЖШС аумағында көшпелі жұмыс кеңесі өткен. Оның қорытындысы бойынша тиісті хаттама рәсімделген.

— Тексеру барысында өндірістік ағынды суларды ағызуға пайдаланылған құбыр анықталып, бөлшектеліп, демонтаж жұмыстары жүргізілді. Алайда 2026 жылғы 21 шілдеде ағынды сулардың қайтадан Бадам өзеніне төгілгені анықталды, — деп мәлімдеді аудан әкімдігі.

Аталған фактіге байланысты Төлеби ауданы әкімдігі Түркістан облыстық экология департаментіне, Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және Түркістан облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына жоспардан тыс тексеру жүргізу, ағынды су сынамаларын алу және заңнамада көзделген ықпал ету шараларын қабылдау туралы хат жолдаған.

Бұдан бөлек аталған мәселені ерекше бақылауға алу туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаевтың атына да тиісті хат жіберілген.

Еске салайық, бұған дейін Бірінші Мамыр ауылының тұрғындары балмұздақ өндіретін зауыттың кәріз жүйесінен шығатын жағымсыз иіске шағымданған болатын. Олардың айтуынша, бұл мәселе шамамен 20 жылдан бері шешімін таппай келеді.