Түркістан облысында білім сапасы мәз емес — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан өңірлеріндегі білім сапасының айырмашылығын азайтып, әсіресе оқу үлгерімі төмен аймақтарда ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰБТ мен PISA нәтижелеріне тоқталып, білім сапасы төмен өңірлердегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

Фото: Ақорда

Осы тұста Мемлекет басшысы Ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы нәтижелеріне тоқталды. Мәселен, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларының түлектері жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдай жақсы деп айту қиын.

— Әсіресе, тиісті министрлік пен әкімдік Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуы керек. PISA ұйымының зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мәз емес екенін көрсетті. Бұл — аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар әлі бар деген сөз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент облыстағы жағдайды дағдарыс деп те айтуға болмайтынын, оқушылардың басым бөлігі ауылда тұрғандықтан, қолайлы жағдай жетіспейтінін айтты.

— Облыста білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Олардың жан-жақты және қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн. Бұл — Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет, жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет, — деп тапсырма берді Мемлекет басшысы.

Президент төмен нәтиже көрсеткен барлық аймақтың әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керектігін айтып, Үкіметке осы жұмысты тиімді үйлестіруді тапсырды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Президент «Өрлеу» орталығын сынға алып, педагогтерді аттестациялау талаптарын жеңілдетуді тапсырған еді.

Елімізге тағы бес мыңнан астам мұғалім жетіспейді.

Сондай-ақ Президент еліміздегі мектеп құрылысын жандандыруды тапсырды.