Түркістан облысында бүгін де күн қатты ысиды

Фото: Фото: Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірде қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақыртушылар көбейген.

Түркістан облысында күн райы қатты ысып кетті. Өңірде шілде айында болатын аптап ыстық тұр.

«Қазгидромет» мәліметіне сүйенсек, ең жоғары температура кеше тіркелген. Атап айтқанда, Отырар ауданына қарасты Қызылқұм ауылында ауа температурасы 44 градусқа жетсе, Созақта – 41, Түркістан мен Арыста – 42, ал Жетісайда – 40 градусты көрсеткен. Мамандар аптап ыстық бүгін де сақталатындығын ескертті.

– Ертең жаңбыр жауып, ыстықтың беті қайтады. Жалпы өңірде ауа райы 23–28 градусқа, ал таулы аймақтарда 20 градусқа дейін төмендейді. Өткінші жаңбыр жауып, жел мен дауыл тұруы мүмкін. Алайда 19 мамырдан бастап күн қайтадан ысып, температура жоғарылай бастайды, – деді «Қазгидромет» мамандары.

Күннің құбылуы тұрғындардың денсаулығына да әсер етіп жатыр. Облыс аумағында қан қысымының көтерілуіне байланысты жедел жәрдем шақыртулары көбейген. Сәуір айының алғашқы 15 күнінде шамамен 5000 шақырту тіркелсе, мамырдың дәл осы мерзімінде бұл көрсеткіш 5499-ға жеткен.

Дәрігерлер тұрғындарды денсаулығына мұқият болуға, салқын жерде көп болуға және жеткілікті мөлшерде су ішуге шақырады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында аптап ыстық шегірткелердің белсенділігін арттырғанын жазған болатынбыз.