Түркістан облысында дәрігерлерді мәжбүрлеп ақысыз демалысқа шығарғаны рас па
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында дәрігерлерді мәжбүрлеп ақысыз демалысқа шығарып жатқаны туралы хабарлама тарады.
Хабарлама авторының сөзінше, эпидемиялық маусымның қызған шағында, тіркелуден бастап кіреберіске дейін кезек созылып тұрған Төлеби аудандық ауруханасында (Көксәйек ауылы) кенеттен қызметкерлерді жаппай ақысыз демалысқа жіберу туралы шешім қабылданған.
Осыған қатысты Kazinform тілшісіне Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми түсінік берді.
– Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, жергілікті кәсіподақ өкілдерінің қатысумен ұжым арасында ақысыз демалысқа шығу тәртібі қайта түсіндірілді. Төлеби аудандық ауруханасында ақысыз демалысқа шығу тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 97-бабына сәйкес жүзеге асырылады және арнайы ішкі бұйрықпен бекітілген. Ол бұйрықпен айлық есептеу табеліне жауапты медицина қызметкерлері танысып, қол қойған, басқа қызметкерлерге де таныстырылған, – делінген басқарманың бізге ұсынған жауабында.
Ведомствоның мәліметінше, Төлеби аудандық ауруханасында 130 дәрігер, 516 мейірбике, 153 тазалықшы және бұдан басқа 143 қызметкер жұмыс істейді. Осының ішінде жеке басына және отбасы мәселесіне қатысты қараша айында 11 дәрігер (8,5%), 26 мейірбике (5%) және 7 тазалықшы (4,6%) ақысыз демалыс алған, ал желтоқсан айына 4 дәрігер және 2 мейірбике ақысыз демалыс алуға өтініш білдірген.
Бұдан бұрын Түркістан қаласында 500 орындық тергеу изоляторы салынатынын жазған едік.