Түркістан облысында халықтың 70 пайызы ауылда тұрады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Биылғы жылдың басты жаңалығының бірі — Түркістанға ерекше мәртебенің берілуі болды.
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толады. 2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамынан алынды.
Ал, жаңа облысқа Түркістан атауы беріліп, орталығы Түркістан қаласына көшірілді. Бүгінде мұндағы тұрғындар саны 2,1 миллионнан асады.
Солтүстігінде Ұлытау, шығысында Жамбыл, батысында Қызылорда облыстарымен, оңтүстігінде Өзбекстанмен шектесетін өңірде өндіріс өркендеп, туризм мен кәсіпкерлік саласы дамып келеді.
Облыс құрамында 14 әкімшілік аудан, 4 қалалық әкімдік, 7 қала, 13 кент, 171 ауылдық округ, 932 ауыл бар.
Халық саны және көші-қон
Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, биылғы жылғы 1 ақпанға облыс халқының саны 2154,1 мың адамды құрап отыр.
Соның ішінде қалалықтардың үлесі — 542,3 мың адам (25,2%) болса, ауылдықтардың үлесі — 1611,8 мың адам (74,8%).
Халықтың табиғи өсімі 2025 жылғы қаңтарда 2954 адамды құрады. Есепті кезеңде 3729 сәби дүниеге келсе, 775 адам қайтыс болды.
Өңірде сыртқы көші-қонда оң көші-қон айырмасы қалыптасып отыр.
Еңбек және табыс
Өткен жылдың ІV тоқсанында облыстағы жұмыссыздар саны 40,9 мың адам болды. Ал, биылғы 1 наурызға дейін 42 885 адам жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелді.
2024 жылғы IV тоқсанда қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы — 304 325 теңге болды.
2024 жылғы IV тоқсанда нақты жалақы индексі 101,4% болып қалыптасты.
Бизнес және ауыл шаруашылығы
Түркістан облысы — бизнеске бағдарланған аймақ. Өңірде 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейді. Оның 80 мыңнан астамы — шаруашылық және фермерлік қожалықтар.
Соңғы 6 жылда Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауының арқасында өңірде инвестиция тарту бойынша ауқымды шаралар атқарылды. Мәселен, 2018 жылдан бері облысқа шамамен 9 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды.
Инвестиция өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға бағытталып отыр.
2025 жылғы қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен 216056,9 млн теңгені құрады, бұл 2024 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 9,3 пайызға көп.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі — 12%, өңдеу өнеркәсібінде — 1,9%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтауда — 38,1% өсті, ал сумен жабдықтауда, қалдықтарды жинауда, өңдеуде және жоюда, ластануды жою жөніндегі қызметтер 8,9% кеміді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 74 332,8 млн теңге болды. Ал, жүк айналымының көлемі 4 126,4 млн текше метрге жетті.
Экономика
Қазіргі таңда Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірдің бірі және үлкен инвестициялық, туристік әлеуетке ие. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Аймақтың агроөнеркәсіптік кешені елімізде көш бастап тұр. Республикадағы жалпы өнім көлемінің 13%-ы өңірге тиеселі немесе 1 трлн. теңгеден астам қаржының өнімі өндіріледі.
Сондай-ақ, өңірде «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және индустриалды аймақтар сияқты инвестициялық алаңдар жұмыс істеп тұр.
Жуырда Сауран ауданындағы шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» зауыты іске қосылды.
Алғашқы кезеңде зауыт жылына 40 мың дана сауда тоңазытқышын шығаруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мұнда 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Жоба толық іске қосылғанда 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Ал, Созақ пен Отырар ауданында уран өндірісі дамып жатыр. Мақтаарал, Жетісай аймағында ауыл шаруашылығы қарқын алса, Кентау мен Ордабасыда өндіріс өркендеп жатыр.
Бәйдібек пен Сайрамда мал ұстаушылар көбейген. Жалпы алғанда облыстың әр аймағында түрлі бағытта жұмыс қарқыны артқан.
2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі жалпы өңірлік өнім көлемі — қолданыстағы бағамен 3162813,7 млн теңге. 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда нақты ЖӨӨ 7,2% өсті.
Азық-түлік тауарларының бағасы — 3,1%, ал азық-түлік емес тауарлардың бағасы — 1,9%, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер — 0,4% өсті.
Алдын ала деректер бойынша 2025 жылғы қаңтарда ЕАЭО елдерімен өзара сауда 28,7 млн АҚШ долларын құрап, 2024 жылғы қаңтармен салыстырғанда 78,4% көбейді. Оның ішінде экспорт — 7,4 млн АҚШ доллары, импорт — 21,3 млн АҚШ доллары.
Құрылыс
Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары үлкен қарқын алды. Шымкент бағытынан кіре беріс аумақта жаңа қала бой көтерді. Мұнда әкімшілік-іскерлік орталық орналасқан.
Сондай-ақ, заманауи сәулеттік бағытта соғылған тұрғын үйлер салынды. Ал, орталықтағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағы да абаттандырылып, жаңа мәдени нысандармен толықты.
Құрылыс тек Түркістан қаласында ғана емес, шалғайдағы аудан орталықтары мен ауыл аймақтарда да қарқынды түрде жүргізіліп келеді.
Жалпы, өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 19245,1 млн теңге немесе 2024 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 117,5% жетті.
2025 жылғы қаңтар-ақпанда пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы — 84,9 мың шаршы метр.
Түркістан қаласында биыл:
- «Парасат» және «Астана» саябақтарының құрылысы және реконструкциясы.
- «Түркістан» арнайы экономикалық аймағында инженерлік инфрақұрылымды салу
- Олимпиадалық резервтегі жасөспірімдер спорт мектебі үшін спорт кешенінің құрылысы
- Спорт кешендері бар ескек есу каналының құрылысы
- Ипподромы бар көп функционалды кешен құрылысы жоспарланған.
Туризм
Түркістанға келген шетелдік туристер саны 45 пайызға артты. Сондай-ақ, былтыр біркүндік келушілер саны 900 мың адамға жетті.
Яғни, бір күн ішінде «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайына — 638,8 мың, «Отырар» қорық-музейі — 241,2 мың адам келген.
Е-qonaq жүйесіне сәйкес 2024 жылы өңірге 21 121 шетелдік турист келіп, көрсеткіш өткен жылмен салыстарғанда 45 пайызға артып отыр. Ал, 2023 жылы бұл көрсеткіш 14 510 болған.
Облысқа келуші шетелдік туристер бойынша ТОП-5 мемлекетті Өзбекстан бастап тұр.
Одан кейінгі қатарда Ресей, Қытай, Түркия, Қырғызстан елдері бар.
Айта кетейік, бүгін Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстанға келді.
Президент мәртебелі мейманды Түркістан әуежайынан қарсы алды.